NoFake

Ипотекалық тұрғын-үй бағдарламалары: кімге, қашан және қандай жағдайда беріледі 

Фото: Nofake.kz

Қазақстан азаматтары елдегі тұрғын-үй бағдарламалары жайлы толық ақпаратты жиі сұрайды. Nofake.kz елдегі ипотекалық бағдарламалар туралы соңғы жаңалықтарды топтастырды. 

Көпшілік арасында елдегі ипотекалық тұрғын-үй бағдарламалары жиі талқыға түседі.

Cкрин әлеуметтік желіден.

Отбасы банк өнімдерінің талаптары

Отбасы банк өкілдерінің хабарлауынша, банк еліміздегі классикалық банк үлгісіне жатпайды. Ол – тұрғын-үй құрылыс жинақтарын іске асыратын, моно-өнімді банк. 

«Ол дегеніміз – үй сатып алуға несие алу үшін, алдымен депозит ашып, баспана сатып алуға қажет жарнаны жинау қажет деген сөз. Үй бағасының жартысын, яғни 50%-ын жинаған соң ғана 3,5%-ға (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 3,6%-4,4% аралығы) және 8,5 %-ға дейінгі (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9%-9,6% аралығы) мөлшерлемедегі несиеге өтінім беруге болады», — деді банк мамандары. 

«Наурыз» бағдарламасы 

Азаматтардың жекелеген санаттары үшін банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі негізінде тұрғын үй бағдарламаларын іске қосады. Отбасы банк өкілдерінің хабарлауынша, бүгінгі таңда осындай бағдарламалардың арасында «Наурыз» бағдарламасына сұраныс жоғары.

Бағдарлама шарттары:
— несиенің ең жоғары сомасы – Астана және Алматы қалалары үшін 36 млн теңге, қалған өңірлер үшін 30 млн теңге;
— несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – әлеуметтік осал топтар үшін — 7%, қалған қатысушылар үшін — 9%;
— бастапқы жарна – бастапқы тұрғын үйді немесе таза әрлеумен берілетін нысандағы үлесті сатып алу кезінде 10%-дан бастап, басқа тұрғын үй түрін сатып алу кезінде 20%-дан бастап;
— несие алу мерзімі – 19 жылға дейін;
— қатысу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ шотындағы ең төменгі жинақ сомасы – 2 млн теңге болуы қажет.

«Бұл бағдарламаға қатысуға алдын ала дайындалған жөн, яғни депозитке қазірден бастап қаражат құйған қажет. Себебі депозитке есептелген сыйақы сомасының көп болуы бағдарламаға қатысу мүмкіндігін арттырады. Дәстүрлі түрде бұл бағдарлама жыл сайын наурыз айында іске қосылады. Алайда қазірдің өзінде клиенттер пәтер таңдап, шот ашып, қаражат жинай алады», — деді банк мамандары. 

Банк өкілдерінің айтуынша, салымшы жинақты неғұрлым ертерек бастаса, депозит бойынша банктің сыйақысы соғұрлым жоғары болады. Ал бұл қатысушыларды іріктеу кезінде ұпай есептеудің негізгі көрсеткіштерінің бірі болады, дейді мамандар. 

«2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары

Банк мәліметінше, мемлекеттік бағдарламаларды кезекте тұрған азаматтар үшін іске асыру мақсатында, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап Отбасы банк Ұлттық даму институты мәртебесін алған. Енді ол кезекте тұрғандарды есепке алу, кезекке қою және тұрғын үйді бөлу жұмыстарын орталықтандырылған түрде жүзеге асырады. Бұған дейін бұл функцияларды жергілікті әкімдіктер атқарып келген.

«Кезекте тұрғандарға мемлекеттік тұрғын үйді бөлу кезінде негізгі фактор – кезекке қойылған күні. Сондай-ақ тұрғын үй беру барысында тағы бір маңызды фактор – табыс деңгейі. Банктің жүйесі мемлекеттік деректер базаларымен біріктірілген. Бұл отбасының цифрлық портретін қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді мамандар.

Сондай-ақ банк өкілдері жүйе өтініш берушінің құқықтық және әлеуметтік мәртебесін, табысын, қандай да бір әлеуметтік төлемдер, зейнетақы немесе жәрдемақы алатынын, тұрғын үйінің бар-жоғын көретінін атап өтті. 

«Алынған мәліметтер мен отбасының табысына қарай банк өтініш берушіге қандай бағытқа үміткер болу керектігі жөнінде ұсыным береді. Бұл жалдау ақысын субсидиялау, жалдамалы тұрғын үй немесе жеңілдетілген несиелік тұрғын үй болуы мүмкін. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік нысандарын салу және сатып алу, кейін оларды банкке беру және кезекте тұрғандарға бөлу функциялары әкімдіктерде қалады», — деді қаржылық ұйым өкілдері.

Тұрғын үйді бөлу кезінде мұқтаж азаматтың санаты да ескеріледі. Жалпы көлемнің кемінде 70%-ы бірінші кезекте төмендегі санаттағы азаматтарға беріледі:

  • ҰОС ардагерлері және жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер;
  • жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • көпбалалы аналар;
  • көпбалалы отбасылар;
  • бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар;
  • жесірлер (жесір әйелдер мен ерлер).

«Аталған санаттағы азаматтарға жеңілдетілген несиелер 2% мөлшерлемемен (ЖТСМ 2,0%-дан 2,1%-ға дейін) беріледі. Қалған кезекте тұрған санаттарға қарыздар 5% мөлшерлемемен (ЖТСМ – 5,2%-дан 5,8%-ға дейін) ұсынылады. Екі жағдайда да бастапқы жарна 10% құрайды. Несиелеу мерзімі 20 жылға дейін», — деді мамандар.

Отбасы банк мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінімдер іске асырылып жатқан нысандар аясында otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында қабылданатынын айтады.

«Яғни әлеуетті қатысушылар белгілі бір өңірдегі нақты нысандағы нақты пәтерге өтінімді сол нысан порталға шыққан кезде береді. Банк бұл туралы қазақстандықтарды алдын ала хабардар етеді», — делінген Отбасы банк түсіндірмесінде.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы – мемлекеттік бағдарлама. Бағдарламаны іске асыру шарттарын мемлекет белгілейді. Отбасы банк 2023 жылдан бері осы бағдарламаның операторы болып табылады. Мемлекет бөлген қаражат аясында ауыл тұрғындары тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие және көтерме жәрдемақы ала алады.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, кемінде 3 жыл бойы сұранысқа ие салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар қатыса алады. Атап айтқанда: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешен, мәдениет, спорт, ауылдық округтер әкімдері аппараттарындағы мемлекеттік қызмет (әкімдер мен олардың орынбасарларын қоспағанда)», — деді мамандар.

Банк әр елдімекенде сұранысқа ие мамандықтар тізбесін жыл сайын аудан әкімдіктері мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері қалыптастыратынын алға тартады. Мемлекеттік қолдау дәл осы тізбе аясында көрсетіледі. Сондықтан бағдарламаға әлеуетті қатысушылар алдымен өз елді мекеніндегі сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алу үшін әкімдікке жүгініп, содан кейін өтінім беруі қажет. Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін бұрын алынған қарыздар бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы талап етіледі.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына көтерме жәрдемақы – 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жеңілдетілген несие – жылдық 1% мөлшерлемемен (ЖТСМ — 1%) жатады. Несиенің ең жоғары сомасы – 2 500 АЕК-ке дейін, мерзімі – 15 жылға дейін», — деді банк өкілдері.

Сонымен қатар, азаматтардың уақытын үнемдеу және мемлекеттік қолдау алу процесін жеделдету мақсатында банк «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын цифрлық форматқа көшірілгені белгілі болды. Отбасы банк әкімдіктермен деректер алмасуды автоматтандырғанын, нәтижесінде бұл келісу мерзімдерін қысқартып, қаражат бөлудің ашықтығын және клиенттер үшін қолайлылықты арттырғанын айтады. Қатысушылар өтінімдерінің мәртебесі туралы хабарламаларды онлайн алады, сондай-ақ несиені мерзімінен бұрын онлайн өтеу мүмкіндігі бар.

Жастарға арналған бағдарламалар

Отбасы банк қалалар мен облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырады.

«Бағдарлама бойынша бастапқы жарна – 10%, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%-дан бастап (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін). Жастарға арналған бағдарлама алғаш рет 2017 жылы Алматы қаласында іске қосылды. Кейін бұл тәжірибені басқа өңірлер де қолға алды. Жастар бағдарламалары банк пен өңірлік әкімдіктер бөлетін қаражат есебінен қаржыландырылады», — деп түсіндірді банк мамандары.

Жастар бағдарламасы мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, коммуналдық кәсіпорындардың жұмыскерлеріне қолжетімді шарттармен жеке тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.

«Өңірлерде жастар бағдарламасының басталуы жергілікті әкімдік тарапынан қаражат бөлінуіне байланысты. Сондықтан бағдарламаның басталу күні туралы банк қосымша хабарлайды», — деді мамандар.

«Әскери баспана» бағдарламасы 

Бағдарлама екінші нарықтан тұрғын үй сатып алуға арналған.

Негізгі шарттары:
• Бастапқы жарна — 20%-дан 50%-ға дейін;
• Несие мөлшерлемесі — алдын-ала несие үшін 18% (ЖТСМ — 23,6%-дан 24,3%-ға дейін, егер бастапқы жарна үй бағасының 20-50%-ға дейінгі сомада болса), аралық несие үшін — 6% (ЖТСМ 6,2%-6,6%, егер бастапқы жарна үй бағасының 50%-ындағы сомада болса), тұрғын-үй несиесі үшін — 3,5%-5% (ЖТСМ 3,5%-5,1%, егер салымшы 3 жыл бойы үздіксіз салым жинап, қалыпты несие шарттарымен жинақ жинаса) болады;
• Несиелеу мерзімі — 6 айдан 19 жылға дейін;
• Несие сомасы — 50 млн ₸ дейін;

Бағдарламаға тұрғын үй төлемдерін алушылардың барлығы қатыса алады.

«7-20-25» жеңілдетілген ипотека бағдарламасы

«7-20-25» — мемлекет қолдайтын ипотекалық бағдарлама. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – 20%, ал мерзімі – 25 жылға дейін.

Бағдарлама аясында тек жаңа салынған және пайдалануға берілген тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға рұқсат етіледі. Аталған бағдарлама бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында және олардың маңында – 25 млн теңгеге дейін, Қарағанды және Түркістан қалаларында – 20 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 15 млн теңгеге дейінгі бағада баспана алуға болады.

Бағдарламаға қатысу үшін, соңғы 18 ай ішінде сіздің және жұбайыңыздың атыңызда тұрғын үй болмауы тиіс және бағдарламаға тек бір рет қатысуға болады.

Негізгі ерекшеліктері мен шектеулері:

  • Баға лимитіне сәйкес келетін жаңа тұрғын үйлер саны шектеулі;
  • Банктер өтінімдерді белгіленген лимит аясында қабылдайды, сондықтан кезек ұзаққа созылуы мүмкін;
  • Жыл сайын бағдарламаға 100 млрд теңге бөлінеді, бұл шамамен 6 мың адамға жетеді.

Бағдарлама келесі банктер арқылы жүзеге асырылады: Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, РБК, ForteBank, Altyn Bank, Еуразиялық банк. Әр банктің өтінім қабылдау тәртібі әртүрлі.

BI Group-тан пәтерді сатып алу құқығымен жалға алу бағдарламасы

BI Group компаниясы «Пәтерді сатып алу құқығымен жалға алу» атты жаңа өнімін іске қосады. 

«Қазіргі таңда өнімді іске қосу үшін, дайындықтың соңғы кезеңдері жүріп жатыр. Жоспарланған формат бастапқы жарнаның 10%-дан басталуын және жалға алу мерзімінің 5 жылға дейін болуын қарастырады. Жобаны іске қосу шамамен 2026 жылдың көктеміне жоспарланып отыр. Нақты мерзімдер мен бағдарлама шарттары туралы қосымша хабарлайтын боламыз», — дейді компания өкілдері.

Елімізде өзге де екінші деңгейлі банктер арқылы баспана рәсімдеуге болады. Бағдарлама талаптары және ережелерімен, сондай-ақ жылдық пайыздық мөлшерлеме көлемімен тікелей банк өкілдерінен білуге болады. 

Оқу үшін