Көлікті шетелге шығарған: ІІМ автонесиелеудің қылмыстық схемасын әшкереледі

Фото: pixabay.com
Алаяқтар елдің бірнеше өңірінде әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, көлікті шетелге шығарған, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ведомствоның мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 19 қаңтар күні Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан.
«Күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында олар азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан. Осылайша, алаяқтар жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат автокөліктер шетелде сатылған. Қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша жұмыс жүргізілуде» — делінген хабарламада.
Сондай-ақ тінту барысында бірнеше бірлік атыс және суық қару, оқ-дәрілер, қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленгені анықталды. Қазіргі таңда бірнеше бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.


