Google «Gmail хаттары ЖИ-ды оқытуға жұмсалады» деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Depositphotos
Google интернетте тараған «Gmail қолданушыларында ақылды функциялар әдепкі түрде қосылып, жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін хаттар мен файлдарға қолжетімділік ашылады» деген ақпараттық шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұған дейін Malwarebytes зерттеушілері «ақылды функциялар» арқылы деректердің жиналуы мүмкін екенін айтып, оны өшіру үшін баптаулардың екі бөлімін қолмен өзгерту қажет екенін хабарлаған.
Google түсіндіруінше, бұл функциялар ұзақ жылдар бойы сервистерді жекелендіру үшін қолданылып келеді: орфографияны тексеру, хаттарды сұрыптау, тапсырыстарды бақылау сияқты қызметтер соның арқасында жұмыс істейді. Компания өкілінің айтуынша, Gmail контенті Gemini моделін оқытуға қолданылмайды және қолданушылардың баптаулары өзгермейді.
The Verge журналистері кей аймақтарда бұл баптаулардың өздігінен қайта қосылып кетуі мүмкін екенін, ал Жапония, Швейцария, Ұлыбритания және ЕО елдерінде әдепкі түрде белсенді еместігін атап өтті. Қолданушылар қалаған уақытында Gmail, Chat және Meet баптауларынан «ақылды функцияларды» қолмен өшіре алады.


