Гитлердің салтанат аркасының макетін қарап тұрған фотосы шынайы ма

Фото: Reddit.com
Әлеуметтік желіде Адольф Гитлер мен нацистік шенеуніктердің салтанат аркасының макетін қарап тұрған тарихи фотосы тарады. Кейбір қолданушылар суреттің шынайылығына күмән келтірген. Snopes басылымы фотосуретті тексеріп, оның жасанды интеллект көмегімен жасалмағанын анықтады, деп хабарлайды NoFake.kz.

«2026 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желілерде Адольф Гитлер мен нацистік партияның басқа да шенеуніктері Берлинде салуды жоспарлаған салтанат аркасының макетін қарап тұрғанын бейнелейтін қара-ақ фотосурет кеңінен тарады. Reddit желісіндегі жарияланымның астында пікір қалдырған қолданушылар ешқашан салынбаған бұл арканы АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтонда өзінің алып салтанат аркасын салу жоспарымен салыстырды. Snopes оқырмандары фотосуреттің шынайы екенін анықтау үшін редакцияға хабарласты», -деп жазады басылым.
Фотосуреттің түпнұсқалығы қалай тексерілді?
Басылым суреттің интернетте бұрын жарияланған нұсқаларын іздеп, оның Alamy фотобанкінде орналастырылғанын анықтаған. Фотобанк мәліметтеріне сәйкес, сурет Германияның «Süddeutsche Zeitung» газетінің мұрағаттық материалдарына жатады.
Басылымның өкілдері де тарихи фотосуреттерді Alamy платформасы арқылы лицензиялайтынын растаған. Бұл деректер суреттің шығу тегін анықтауға мүмкіндік берген. Материалда фотосуретті жасанды интеллект арқылы жасалған деп тұжырымдауға жеткілікті дәлел табылмағаны айтылады. Дегенмен мұндай қорытынды суреттің түсірілген уақытын автоматты түрде нақтыламайды.
Фотосурет қай жылы түсірілген?
Alamy деректерінде сурет 1939 жылғы 1 қаңтарда түсірілген деп көрсетілген. Алайда бұл күннің нақты түсірілім уақыты екені расталмаған. Мұрағаттық сипаттамада фотосуреттің нақты қашан түсірілгені белгісіз екені көрсетіліп, шамамен 1939–1945 жылдар аралығы берілген.
Сондықтан мамандар бұл суреттің тарихи кезеңге қатыстылығы мен оның нақты түсірілген күнін ажырата қарау қажет екенін айтады.
Трамптың жобасымен қандай байланысы бар?
Фотосуреттің қайта таралуына АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтонда алып салтанат аркасын салу жоспары да түрткі болды. Reddit желісіндегі жарияланымның астында қолданушылар нацистік Германияның жүзеге аспаған жобасы мен Трамп ұсынған құрылыс арасындағы ұқсастықты талқылаған.

«Трамптың жобасы Вашингтондағы Арлингтон ұлттық зиратының аумағына жақын жерде салынуы жоспарланған. Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары екі тарихи кезеңдегі монументалды арка жобаларын салыстырған», — дейді авторлар.
Алайда мұндай салыстыру — әлеуметтік желідегі қолданушылардың пікірі. Екі жобаның арасында тікелей байланыс бар екенін немесе Трамптың нацистік Германияның сәулет жоспарынан үлгі алғанын дәлелдейтін дерек Snopes материалында келтірілмейді.
Берлинді қайта құрудың ауқымды жоспары
Нацистік Германия басшылығы Берлинді алып империяның саяси орталығына айналдыруды көздеді. Жобаны әзірлеуге Гитлердің бас сәулетшілерінің бірі Альберт Шпеер қатысты.
Жоспарда кең даңғылдар, монументалды ғимараттар және орасан зор салтанат аркасы қарастырылды. Бұл сәулет нысандары нацистік режимнің қуатын көрсетуге арналған еді. Жаңа астананы «Германия» деп атау да жоспарланған. Алайда қала құрылысының бұл жобасы толығымен жүзеге аспады. Екінші дүниежүзілік соғыс жағдайында жоспарланған алып құрылыстар аяқталмай қалды.


