Франциядағы «төңкеріс» дипфейкі: Макрон Meta-ға жүгінді

Кадрлер жалған видеодан
Францияда мемлекеттік төңкеріс болды деген дипфейк миллиондаған қаралым жинады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Euronews хабарлауынша, Facebook желісінде «Live 24» деп аталатын бейнеролик кеңінен тараған, шын мәнінде ол — жалған видео. ЖИ арқылы жасалған бұл видео Францияда «мемлекеттік төңкеріс» болғандай әсер қалдырып, қысқа уақытта миллиондаған қаралым жинаған.
Кадрда жарықтандырылған Эйфель мұнарасы, жарқылдаған полиция шамдары мен ұшып өткен тікұшақ фонында тұрған «журналист» — Франция президенті Эмманюэль Макронның биліктен құлағанын мәлімдейді.
Франция президентінің айтуынша, бұл видео тек әлеуметтік желі қолданушыларын ғана емес, шетелдік саясаткерлерді де адастырған. Сондай-ақ ол шағымға Meta платформасының кеш жауап бергенін атап өтіп, цифрлық платформалардың дезинформация таратудағы жауапкершілігі мәселесін қайта көтерді.
«Африкадағы әріптестерімнің бірі маған: “Құрметті президент, еліңізде не болып жатыр?” деп жазды», — деді Макрон Марсельге сапары барысында француздың аймақтық La Provence газетіне берген сұхбатында.
Кейін жалған видеоны бұрын да осындай контент жариялап, оны монетизациялаған жасөспірім жасағаны анықталды. Видео халықаралық деңгейде резонанс тудырғаннан кейін ғана, жарияланғанына бір апта өткен соң өшірілді.


