ForteBank әйел атына карта ашқан: банк мән-жайды түсіндірді

ForteBank желіде әйелдің атына банк картасын ашып, оған ақша аудару оқиғасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Әлеуметтік желіде әйелдің атынан ForteBank картасын ашып, карта суретін адамдарға жіберіп, ақша сұрау туралы оқиға тарады. Карта суретінде банк атауы мен логотипін анық көруге болады. Десе де, желі қолданушылары суретті редакциялауы мүмкін деген пікір айтып жатыр. ForteBank аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Суретте көрсетілген банк картасы ForteBank өнімі емес. Банк жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеуге және сақ болуға кеңес береді», — делінген хабарламада.
Алаяқтар мұндай тәсілді, яғни картада банк логотипі бар суреттерді адамдардың жақындары мен туыстарынан ақша сұрау үшін жиі қолданады. Мамандар ондайда міндетті түрде банкке хабарласып, мән-жайды білуге, мессенджерлердегі карту суреті бойынша ақша аудармауға кеңес береді.


