NoFake

Филиппиндегі жер сілкінісінен кейін су тасқыны жайлы видео фейк болып шықты

Tvn.md

Әлеуметтік желілерде 2025 жылғы 30 қыркүйекте Филиппинде болған жер сілкінісінен кейін қала көшелерін су басқан сәт бейнеленген видео жалған болып шықты, деп хабарлайды nofake.kz/ тілшісі.

Кадрларда Себу қаласында нөсер жауып, көшелерді су шайғаны көрсетіледі. Бірақ AFP агенттігінің тексеруіне сәйкес, бейнероликтің алғашқы бөлігі тамыз айында түсірілген.

Кілтсөздік іздеу оның интернетте 15 тамыздан бастап тарағанын көрсетті. Фейсбук қолданушысы Chastin Hurtado кадрды Себу қаласындағы Пахина Сан Николас ауылында түсіргенін жазған.

2025 жылғы 15 тамыздағы түпнұсқа видеодан (сол жақта) және Google Maps картасынан (оң жақта) алынған скриншоттардағы бірдей нысандарды AFP сәйкестендіріп көрсеткен.

Google Maps суреттерімен салыстырғанда бейнедегі ғимараттар мен Гваделупе өзенінің жағасындағы үйлер дәл сәйкес келеді. ABS-CBN және SunStar Cebu сияқты жергілікті БАҚ 15 тамызда Себуда нөсер жаңбырдан кейін ауқымды су тасқыны болғанын хабарлаған.

Екі бөлек оқиға біріктіріліп таратылған

Бейнероликтің екінші бөлігі шынымен де жер сілкінісінен кейін түсірілген. Оны жергілікті тұрғын Раффи Селис түсіріп, DYLA Cebu Newsbreak агенттігі 1 қазанда жариялаған. Ол AFP-ге берген түсініктемесінде бейнені жер сілкінісі болған түні жауған нөсерді көрсету үшін түсіргенін айтқан.

Осылайша, әлеуметтік желілерде тараған видео екі түрлі оқиғаның кадрларын біріктіріп жасалған: бірінші бөлігі — тамыз айындағы су тасқынынан, ал екіншісі — қыркүйектегі найзағайлы түннен алынған. Видео жер сілкінісінің салдарын көрсету үшін жалған контексте таратылған.

Оқу үшін