NoFake

Алаяқтар рәсімдеген несиені кім төлейді

Фото: nofake.kz/

Бас прокуратура дерегінше, биылғы алғашқы жартыжылдықта елімізде 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген. Шығын сомасы 6 миллиард теңгеден асқанымен, оның төрттен бір бөлігі ғана қайтарылған. Соңғы уақытта несиелердің бөтен адамдардың атына рәсімделуі жиілеп барады. Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде “несиені алаяқтар рәсімдесе де, төлеу өзіңе міндетті” деген хабарламалар тарап жүр. Бұл ақпарат шындыққа толық сәйкес келмейді.

Егер азамат несиені өзі рәсімдеп, кейін ақшаны алаяқтарға берген болса — бұл жағдайда несиені өтеу міндеті өзінде қалады. Stop Piramida.kz жобасының жетекшісі, заңгер Нұркен Шардарбековтың айтуынша, алаяқтар көп жағдайда мемлекеттік орган қызметкері ретінде танысып, азаматтарды несие рәсімдеп, қаражат аударуға итермелейді.

«Бұл банк алдындағы міндеттемеден босатпайды. Бірақ полицияға жүгініп, жәбірленуші деп танылғаны туралы қаулы алған жағдайда банкке ұсынып, алты айға дейін несие демалысын алуға болады», — дейді маман.

Ал егер несие азаматтың келісімінсіз, яғни оның атына рұқсатсыз рәсімделген болса — жауапкершілік оны рәсімдеген қаржы ұйымына жүктеледі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банк немесе микроқаржы ұйымы несиенi тек полицияның процессуалдық құжаты немесе сот шешімі негізінде ғана есептен шығара алады.

«Несие тек банк немесе микроқаржы ұйымы тарапынан заң бұзушылық дәлелденген жағдайда ғана жойылады», — деп ескертеді ведомство.

Банк кінәсі дәлелденсе, кредитор үш жұмыс күні ішінде қарызды жоюға, кредит тарихын түзетуге және ұсталған қаражатты қайтаруға міндетті. Егер банк немесе микроқаржы ұйымы белгіленген тәртіпті орындамаса, eOtinish порталы арқылы Агенттікке шағым беруге болады.

Полиция фактіні алаяқтық деп танығанымен, банк кінәсі анықталмаса — іс сотқа жіберіледі. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін банк борышты есептен шығарып, азаматтың кредиттік тарихын қалпына келтіреді.

Кей жағдайларда сотқа дейін-ақ қарызды жоюға болады. Мысалы, онлайн несие рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүргізілмесе, жас шектеуі бұзылса, несие сомасы немесе тәуліктік лимит асып кетсе. Алаяқтар рәсімдеген несиені төлеу міндетті емес, егер сіздің атыңызға несие заңсыз рәсімделгені дәлелденсе. Бірақ егер сіз өз еркіңізбен несие алып, ақшаны алдаушыларға берсеңіз — қарызды өтеу өз мойныңызда қалады.

Оқу үшін