Етті картоп вагондарында тасымалдаған: АШМ ақпаратты жоққа шығарды

Иллюстрация: freepik.com
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде тараған «етті картоп вагондарында тасымалдады» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аталған ақпаратты жоққа шығарды.
«Мұндай жағдай болған жоқ. Картоп тиелетін вагондарда ет болуы мүмкін емес. Бұл — жалған ақпарат, жазба қазір өшірілді. Айта кетейін, тасымалдауларға бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Барлық заңбұзушылықтар тіркеліп, жедел түрде жойылады. Инспекция комитеті мен ветеринариялық қызмет жағдайды бақылауда ұстап отыр», — деді Айдарбек Сапаров.
Cондай-ақ, «Ангус Қазақстан» палатасының директоры, мал өсірушілер қауымдастығының мүшесі Дәурен Салықов та аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Бірқатар жарияланымдарда таралған етті картоп вагондарында экспорттау туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мұндай пікірді мен айтқан жоқпын. Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты қатаң мемлекеттік ветеринариялық бақылауда болады және қазіргі мониторинг жағдайында тауарлық кодтармен қандай да бір манипуляция жасау мүмкін емес», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрлігі көктемгі егіс алқаптарына егін отырғызу жұмысына дайындық барысы туралы баяндаған еді.


