NoFake

ЭЦҚ цифрлық растаудан несімен ерекшеленеді — заң авторы түсіндірді

Екатерина Смышляева

Коллаж: nofake.kz/

Цифрлық кодекс авторларының бірі, депутат Екатерина Смышляева электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) мен цифрлық растаудың айырмашылығын түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Депутаттың айтуынша, Кодексте цифрлық ортадағы адамның негізгі құқықтарына арналған арнайы тарау бар. Соның алғашқысы — сәйкестікке (идентичность) құқық.

«Бұл — адамның цифрлық ортада өзін танытуға немесе танытпауға құқығы, яғни ондай таңдау мүмкін болған жағдайда. Мұнда адамның жеке басын тек цифрлық жолмен ғана емес, дәстүрлі (аналогтық) тәсілмен де растау мүмкіндігі маңызды. Офлайн формат әрдайым адамның құқығы болып қалуы тиіс. Әсіресе байланыс жоқ, гаджеті жоқ немесе басқа да шектеулі жағдайларда. Осындай кезде азаматтар өз тұлғасын классикалық жолмен растай алуы қажет», — деді ол.

Кодекстегі екінші маңызды мәселе — деректерді басқару құқығы. Бұл деректерді жою, дербестендіру және өңдеуді уақытша тоқтата тұру мүмкіндігін қамтиды. Аталған құқықтар қазірдің өзінде «Дербес деректер туралы» заңмен реттеледі.

«Кодексте біз бұл нормаларды күшейтіп, жүйеледік. Егер деректерді өңдеу өндірістік қажеттілікке жатпаса, адам оны тоқтатуды талап ете алады. Ал деректер ірі массивтерде пайдаланылған жағдайда, азамат олардың дербестендіріліп, жеке мәліметтерсіз қолданылуын сұрауға құқылы», — деп түсіндірді депутат.

Сонымен қатар Кодексте электрондық цифрлық қолтаңба адамның еркін білдірудің жалғыз білікті (квалификацияланған) тәсілі екені нақты бекітілген. Оның рөлі төмендетілмей, керісінше күшейтілген.

«Жаңа нормалардың басты мақсаты — цифрлық растауды білікті электрондық цифрлық қолтаңбамен шатастырмау. ЭЦҚ — ірі қаржылық операциялар, мәмілелер жасау, маңызды заңды әрекеттер үшін қолданылады. Ал цифрлық растау — белгілі бір сәттегі өзара әрекетке қатысты. Мысалы, дербес деректерді жинауға келісім беру немесе мәліметтерді тексеруге рұқсат ету. Бұл — бір реттік әрекет», — деді Смышляева.

Электрондық цифрлық қолтаңба құжаттың өзгермейтіндігін қамтамасыз етеді. Ол құжатты іс жүзінде «бекітіп», кейін оған өзгеріс енгізуге жол бермейді. Сондықтан депутат азаматтарға мәміле жасасу кезінде осыны ескеріп, әрдайым ЭЦҚ пайдалануға кеңес береді.

Айта кетейік, 9 қаңтарда Қазақстанда Цифрлық кодекс қабылданды. Бұл құжат цифрлық технологияларды дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге және қауіпсіз әрі орнықты цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Оқу үшін