NoFake

Еңбек шарттарын тіркеу жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр – министрлік

Қазақстанда HR Enbek порталы арқылы еңбек шарттарын тіркеу штаттық режимде жалғасып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйе деректерді қабылдауға ешқандай шектеу жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Түске дейін әлеуметтік желі қолданушылар порталдың істен шыққаны туралы жаппай жазған болатын.

Скрин: Әлеуметтік желіден

Ведомствоның мәліметінше, еңбек қатынастарын әлі цифрландырмаған жұмыс берушілер оны қазір де тіркей алады.

«Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі (ЕШЕБЖ) үздіксіз жұмыс істейді, ал заңнамада белгіленген мерзімнен кейін тіркелген еңбек шарттары үшін автоматты түрде айыппұл салу қарастырылмаған»,-делінген хабарламада.

Министрліктің түсіндіруінше, әкімшілік шаралар тек ресми тексеру нәтижелері бойынша ғана қолданылуы мүмкін. Бұл ретте негізгі басымдық профилактикалық жұмыстарға беріледі. Яғни, бұзушылық анықталған жағдайда алдымен оны жою туралы нұсқама беріледі.

Жұмыс берушілер жүйеге енгізілген мәліметтердің уақтылы әрі тұрақты жаңартылып отыруын қамтамасыз етуі тиіс.

«2026 жылғы 10–11 наурыз күндері пайдаланушылар белсенділігінің артуы салдарынан жүйеге уақытша жүктеме түскен. Осы кезеңде тәулігіне тіркелген еңбек шарттарының саны 100 мыңға дейін жеткен. Қазіргі уақытта портал жұмысы толық тұрақтандырылған.Бүгінде жүйеде 6,5 миллионнан астам қолданыстағы еңбек шарты тіркелген. Бұл азаматтарға еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде растауға мүмкіндік береді»,- деді жауапты ведомства.

Министрлік бизнес-қоғамдастыққа цифрландыру үдерістеріне белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, HR Enbek порталына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда 1414 байланыс орталығына жүгінуге болатынын еске салды.

Оқу үшін