Энергетика министрлігі АИ-92 бензині қымбаттайды деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: 2gis.kz
Қазақстанның Энергетика министрлігі әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та тараған АИ-92 бензинінің бөлшек бағасы қымбаттайды деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, жанармай құны өзгермейді, ал бағаны өсіруге қойылған мораторий күшінде қалып отыр, деп хабарлайды nofake.kz/.
«АИ-92 маркалы бензин бағасының өсуі туралы ақпараттың таралуына байланысты Энергетика министрлігі жанар-жағармайдың бағасын реттейтін мораторийдің әлі де күшінде екенін растайды. АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының құны 2025 жылғы 16 қазандағы деңгейде сақталып отыр», — деді министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомства мәліметінше, ақпараттық сервистер мен цифрлық карталардағы мәліметтер бағаны қайта қарау үшін негіз бола алмайды.
«Белгілі бір жанармай құю бекеттерінде белгіленген шекті бағадан асып кету деректері тіркелсе, уәкілетті органдар әрбір жағдайды жеке тәртіппен қарайды. Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңірлік штабтармен бірлесіп жағдайды тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр. Нарық субъектілерінің тарапынан негізсіз баға өсімі анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Бағаның шекті деңгейден асып кету фактілеріне тап болған азаматтардан келесі нөмірлер бойынша Call-орталыққа хабарласуды сұраймыз:+7 (701) 855 02 48, +7 (7172) 57 44 81», — деді Энергетика министрлігі.


