NoFake

Enbek.kz-те жұмыс беруші қызметкер туралы пікір қалдыра ала ма

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев HR Enbek.kz порталында жұмыс берушілердің қызметкерлер туралы ұсыным хат жаза алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Айта кетерлігі, ел азаматтарының көпшілігі порталдағы мұндай қызмет туралы біле бермейді. Редакция тілшісінің сұрағына жауап берген ведомство өкілі ондай қызметтің расымен бар екенін және ол бұрынғы ұсыныс хатты цифрландыру үшін жасалып жатқанын түсіндірді.

«Өткен жылы министрлік тарапынан осындай функционал іске қосылды, ол жұмыс берушілерге, ең алдымен, қызметкерлер туралы пікір қалдыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жұмыс берушілерден ұсыным хаттарын алу тәжірибесі бар. Осы процесті цифрландыру және автоматтандыру мақсатында HR Enbek.kz порталында жұмыс берушілерге ыңғайлы функционал енгізілді, соның көмегімен олар өзінде жұмыс істеген қызметкерлерге ұсыныс ретінде хат қалдыра алады», — деді ол.

Бахтияр Жазықпаев мұндай пікір қалдыру үшін, қызметкерге қандай талаптар қойылатынын атап өтті.

«Біріншіден, қызметкердің осы ұйымда еңбек шарты және аударымдар негізінде нақты жұмыс істегені расталуы тиіс. Екіншіден, пікір қалдыратын жұмыс берушінің тиісті құқығы болуы керек, яғни жарамды электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Үшіншіден, мұндай ұсыным қызметкердің жеке ісіндегі портфолиосында жариялануы үшін оның міндетті келісімі қажет. Бүгінгі күні HR Enbek жүйесінде жұмыс берушілерге қызметкердің келісімімен жұмысқа орналасу кезінде қажет барлық құжаттарды автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігі берілген», — деді ол.

Ведомство өкілінің айтуынша, министрлік сондай-ақ қызметкердің де жұмыс беруші туралы пікірін жазу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

«Мұнда да дәл осы осындай процесс орындалады. Қызметкердің шынымен сол жұмыс берушіде еңбек еткені расталуы керек. Қазір жұмыс берушінің ұсынымдары қызметкердің жеке ісі аясында жарияланып, жұмыс берушілер тарапынан қаралады. Ал қызметкерлердің жұмыс берушілер туралы пікірлері әзірге ашық түрде жарияланбайды», — деді ол.

Цифрландыру еңбек нарығына қалай әсер етеді?

Брифинг барысында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев көптеген қызметтердің цифрландырылуы мен түрлі салаға ЖИ-дің енгізілуіне байланысты, нарықты не күтіп тұрғанымен де бөлісті.

«Ұлттық орталық құру мәселесі аясында біздің болжамдарымыз бойынша, бұл үрдіс жалпы нарықтың 87%-дан астам бөлігіне тікелей әсер етпейді. Қандай мамандықтарға әсер ететіні туралы айтатын болсақ, біздің болжамдық бағалауымызға сәйкес, бұл негізінен біліктілігі төмен жұмыс орындарына қатысты болады», — деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру тақырыбында брифинг өткізген еді.

Оқу үшін