NoFake

«Электр есептегішті тексереміз деп код сұрайды» — Ақтөбе полициясы ескертеді

Фото: Depositphotos

Ақтөбеде алаяқтар тұрғындарға қоңырау шалып, электр есептегішті тексеру немесе ауыстыру сылтауымен SMS-кодтарды сұрап жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қоңырау барысында күдіктілер электр есептегішті тексеру немесе ауыстыру қажет екенін айтып, өтінімді кеңсеге бармай-ақ қашықтан рәсімдеуді ұсынады. Осы сылтаумен азаматтардың ұялы телефонына келген SMS-кодты сұрайды.

«Алаяқтар өздерін коммуналдық қызметкерлер ретінде таныстырып, сенімге кіруге тырысады. Олар электр есептегішті тексеру немесе ауыстыру қажет екенін айтып, SMS арқылы келген растау кодтарын сұрайды. Алайда бұл кодтар банк қосымшаларына немесе жеке кабинеттерге кіруге арналған болуы мүмкін. Мұндай ақпаратты үшінші тұлғаларға беру арқылы азаматтар өздерінің жеке деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соның салдарынан олардың атына несие рәсімделуі немесе қаражаты заңсыз иемденілуі ықтимал», – деп ескертті Ақтөбе облысының полиция департаменті.

Полиция мәліметінше, коммуналдық қызметтер мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлері телефон арқылы SMS-код сұрамайды.

Полиция тұрғындарды күмәнді қоңырауларға сенбеуге, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін ешкімге бермеуге шақырды.

Оқу үшін