«Электр энергиясы жеті жыл бойы қымбаттамайды» деген ақпарат рас па — Министрлік түсіндірді

Фото: Gov.kz
Энергетика министрлігі 2026–2032 жылдарға арналған электр энергиясының шекті тарифін бекіту тәртібіне қатысты ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ведомствоның айтуынша, жеті жылдық тариф бекіту – заңмен белгіленген міндетті рәсім.
«Электр энергетикасы» туралы Заңға сәйкес, жеті жылдық кезеңге тарифтерді бекіту – қолданыстағы тарифтердің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін Министрлік орындауға міндетті рәсім. Бағаларды көтеруге қатысты мораторий жағдайында Энергетика министрлігінің болашақ кезеңдерге арналған тарифтердің өсуін нормативтік актіде белгілеуге заңды құқығы жоқ. Сондықтан жоба қазіргі уақытта әрекет ететін баға параметрлерін бекітеді», – деп түсіндірді ведомство.
Сонымен бірге, министрлік тарифтерді түзету тетігі заңда қарастырылғанын еске салды.
«Шекті тарифтерді түзету рәсімін энергия өндіруші ұйымдар тек объективті нарықтық факторлар өзгерген жағдайда ғана бастай алады», – делінген хабарламада.
Министрлік БАҚ-та тараған «жеті жылдық тарифті тоқтату» туралы түсіндірмені де нақтылады.
«Құжаттың рәсімдік мәні ескерілмей, оны “жеті жылға тоқтату” ретінде түсіндіру дұрыс емес. Бұйрық қолданыстағы мораторийді ғана бекітеді, ал мораторий аяқталғаннан кейінгі нарықтық өзгерістерді жоққа шығармайды», – деді министрлік.
Айта кетейік, 2 желтоқсанда Қазақстанда электр энергиясы тарифтерін 2026–2032 жылдар аралығында 2025 жылғы деңгейде сақтау жөнінде ұсыныс жарияланды. Бұл бастама Президенттің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасынан кейін қолға алынды. Энергетика министрлігі әзірлеген бұйрық жобасы тарифтердің жеті жыл бойы өспеуін көздейді. Алайда құжат әзірге қоғамдық талқылау кезеңінде тұр, ұсыныстар 17 желтоқсанға дейін қабылданады.


