Екінші деңгейлі банктерден тұрғын-үй жинағын ашуға бола ма: агенттік жауабы

Фото: Depositphotos
Қазақстан азаматтары елдегі екінші деңгейлі банктерден тұрғын-үй жинағын аша алады. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді.
Nofake.kz агенттікке енді Отбасы банктен бөлек, елдегі екінші деңгейлі банктерден тұрғын-үй жинағын ашуға бола ма деген сауал жолдады. Ведомствоның хабарлауынша, аталған бастама Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 қаңтарда қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс пен банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының бабына сәйкес, бұл Заң ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 60 күн өткен соң күшіне енеді.
«Заң 2026 жылғы 17 қаңтарда ресми түрде жарияланды, сондықтан 60 күндік мерзім 2026 жылғы 19 наурызда аяқталады. Осыған байланысты, салымшылардың қаражатын тарту және тұрғын үй-құрылыс жинақтары моделі бойынша қарыздар беру мақсатында екінші деңгейдегі банктер үшін жеке өтпелі немесе дайындық кезеңі Заңда көзделмеген. Сонымен қатар, тиісті өнімдердің, мысалы ішкі рәсімдер, өнім желісі, АТ-жүйелері нақты іске қосылуы банктердің дайындығына байланысты», — деп түсіндірді агенттік мамандары.
Агенттіктің мәліметінше, ТҚЖ жүйесі бойынша жұмыс істеу құқығын алу арнайы немесе қосымша пруденциялық (ред. өзі қабылдай алатын шешім) талаптарға байланысты емес.
«Бұл ретте екінші деңгейлі банктер капитал, өтімділік және тәуекелдерді басқару жөніндегі қолданыстағы талаптар, корпоративтік басқару мен ішкі бақылау стандарттары, сондай-ақ банк өнімдеріне және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын жалпы талаптар шеңберінде тиісті қызметті жүзеге асырады. Осыған байланысты тұрғын-үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысу үшін банктердің капиталы, өтімділік немесе өнім желісіне арнайы талаптар белгіленбейді», — деді ведомство өкілдері.
Агенттік еліміздегі екінші деңгейлі банктер тұрғын үй-құрылыс жинағы жүйесіне (ред. ТҚЖ) қатысу банктердің өз қалауы бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті. Сонымен бірге, ведомство коммерциялық банктердегі ТҚЖ шарттары банк және тұтынушылық заңнаманың жалпы талаптарын сақтай отырып, нарықтық жағдайларда қалыптастырылатын атап өтті.
«Айта кетерлігі, банктерде жинақтаудың ең аз мерзімі мен көлемі немесе депозиттер мен қарыздар бойынша белгіленген мөлшерлемелер сияқты бірыңғай міндетті өлшемдер белгіленбейді. Яғни, банктер ТҚЖ бойынша шарттарды өздері белгілейді», — деді агенттік мамандары.
Ал, редакцияның салымшылардың депозитіне төленетін мемлекеттік сыйақы Отбасы банкінде ғана қала ма, әлде екінші деңгейлі банктерде де төлене ме деген сауалына агенттік келесідегідей жауап берді.
«ҚР тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Заңының 10-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекет салымшыларға — Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттiң сыйлықақыларын төлеудi қамтамасыз етедi. Сондай-ақ, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының 1-бабы 14-тармағының үшінші тармақшасына сәйкес, ТҚЖ туралы заңның 10-бабының ережелері ҚР банк заңнамасына сәйкес алынған банктік лицензия негізінде тұрғын үй құрылысы жинақ банкі мәртебесі жоқ екінші деңгейдегі банктерге қолданылмайды», — деді мамандар.
Яғни, бұдан ТҚЖ өнімдері екінші деңгейдегі банктерде мемлекет сыйақылары төленбей жүзеге асырылатын аңғаруға болады.


