eGov-та көлік тіркеу автосалоннан нөмір таңдауға дейін толық онлайнға өтті

Фото: Gov.kz
eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында көлік құралдарын тіркеуге қатысты бірқатар мемлекеттік қызметтер онлайн форматта қолжетімді болды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Енді автокөлікті бастапқы тіркеу, техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру, сондай-ақ жеке тұлғалар арасындағы сатып алу-сату мәмілесін электрондық түрде рәсімдеуге болады. Ведомство мәліметінше, Қазақстанда өндірілген автокөлікті бастапқы тіркеу енді толық онлайн жүзеге асады.
«Сатып алушы автосалонда автокөлікті таңдап, сатып алу-сату шартын рәсімдейді. Одан кейінгі тіркеу рәсімі қашықтан, автосалонға қайта баруды талап етпей жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.
Дилер өтінім жолдағаннан кейін сатып алушы eGov.kz порталындағы жеке кабинетіне немесе eGov Mobile арқылы push-хабарлама алады.
«Пайдаланушы деректердің дұрыстығын тексеріп, ұсынылған нұсқалар арасынан мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін таңдайды және өтінімді қолданыстағы тәсілдердің бірімен растайды. Қызмет көрсету мерзімі – 2 сағатқа дейін», – деп нақтылады ведомство.
Сонымен қатар, меншік иесі өзгермеген жағдайда техникалық паспорт пен мемлекеттік тіркеу нөмірін ауыстыру қызметі де онлайн қолжетімді.
«Өтінім берілген кезде жүйе көлік құралын айыппұлдар мен ауыртпалықтардың бар-жоғына автоматты түрде тексереді. Қызмет бір сағат ішінде көрсетіледі», – делінген ақпаратта.
Жеке тұлғалар арасындағы көлік сатып алу-сату шарты да мемлекеттік деңгейде цифрландырылды.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин бұл өзгерістердің маңызын атап өтті:
«Цифрлық сервистер тіркеу үдерісінің толық циклін қамтиды: автосалоннан жаңа көлік сатып алудан бастап, әртүрлі банктердің клиенттері арасындағы мәмілелерге дейін, сондай-ақ техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру қызметтерін де біріктіреді. Бұл мамандандырылған ХҚКО-ларға бару санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Жаңарту ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.


