NoFake

EGov Mobile-да енді тауарларды цифрлық кодтар бойынша тексеруге болады

Iphone 5537230

Фото: pixabay.com

EGov Mobile мобильді қосымшасында тауарларды цифрлық кодтар бойынша тексеру функциясы пайда болды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Жаңа функция Naqty Onim сервисі негізінде іске асырылып, пайдаланушыларға цифрлық таңбалау жүйесінен мәліметтерге тез және тегін қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

«Қазіргі таңда пайдаланушылар жалған өнім жиі кездесетін санаттардағы тауарларды, соның ішінде дәрі-дәрмектерді, темекі бұйымдарын және аяқ киімді тексере алады. eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық кодты (Data Matrix-коды) сканерлеу арқылы тауардың түпнұсқалығы, өндірушісі, негізгі сипаттамалары және өнімнің шығарылған күні туралы ақпарат көрсетіледі», — делінген хабарламада.

Қызметті пайдалану үшін:

  • eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, «Сервистер» бөлімін ашу керек;
  • «Naqty Onim» сервисін таңдап, деректерді беруге келісім беру қажет;
  • «Бастау» батырмасын басып, смартфон камерасын Data Matrix кодына бағыттау керек.

Сканерлеуден кейін пайдаланушыға тексеру нәтижесі көрсетіледі. Егер цифрлық код болмаса немесе дұрыс болмаса, жүйе тиісті хабарламаны шығарады.

«EGov Mobile қосымшасындағы тексеру функциясы міндетті цифрлық таңбалауға жататын және Data Matrix коды бар тауарларға қолданылады. Дәрі-дәрмектерді тексеру кезінде өнімнің нақты дәрілік препарат санатына жататыны ескеріледі. Сондай-ақ оның өндірілген күні маңызды: 2024 жылғы 1 шілдеге дейін шығарылған дәрілер міндетті цифрлық таңбалауға жатпайды және сканерлеу кезінде жүйеде көрінбеуі мүмкін. Мұндай жағдайда тексеру нәтижесінің шықпауы тауардың заңсыз немесе жалған екенін білдірмейді», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 2024 жылғы 1 шілдеден бастап шығарылған дәрі-дәрмектер, сондай-ақ барлық темекі өнімдері мен аяқ киім міндетті түрде цифрлық таңбаланады. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап сыра мен мотор майларын таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі және ол 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларына да қолданылады.

«Сонымен қатар қазір пилоттық режимде биологиялық белсенді қоспалар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, тұрмыстық химия, газ баллондар және өсімдік майын таңбалау сынақтан өтіп жатыр. Алдағы уақытта бұл санаттағы тауарларды да заңдылығы мен түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік пайда болады», — деп жазылған хабарламада.

Жаңа функция ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылады.

Оқу үшін