NoFake

ДЦП мен қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен не үшін алынды — түсіндіреміз

Фото: Depositphotos.сom

2025 жылғы 14 шілдеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіру туралы Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Оның шеңберінде мемлекет қаражатының есебінен кепілді қамтамасыз етілуге жататын әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесі қайта қаралды, деп хабарлайды nofake.kz/.

Қант диабеті тізімнен неге алынды?

ҚР Денсаулық министрлігі баспасөз қызметінің мәлімеінше, қант диабеті әлеуметтік мәні бар ауру ретінде қарастырыла береді. Алайда, халықаралық практиканы ескере отырып және терапияға қолжетімділікті кеңейту мақсатында оны қаржыландыру МӘМС пакетіне ауыстырылды.

«Бұл шешім пациенттерді қорғау деңгейін төмендетпейді. Керісінше, қаржыландырудың тұрақтылығын нығайтып, денсаулық сақтау қызметтерінің ауқымын кеңейтуге, соның ішінде соңғы емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ қант диабетінің асқынған ағымы (ретинопатия, нефропатия, жүрек-қан тамырлары аурулары және басқалары) бар ересек пациенттер әдетте МӘМС шеңберінде сақтандырылған жеңілдікті санаттарға кіреді», — делінген ресми хабарламада.

ДЦП неге алынды?

Балалар церебралды сал ауруы (ДЦП) да әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынды. Дегенмен, бұл оның тегін ем мен оңалту бағдарламаларынан шығарылғанын білдірмейді.

«ДЦП диагнозы бар балалар мен ересектер бұрынғыдай тегін оңалту және медициналық қызметтерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және МӘМС пакеттері аясында ала береді. Яғни, тізімнен алу тек қаржыландыру көзін нақтылау мақсатында жасалған әкімшілік өзгеріс болып табылады», — деді министрлік.

Жаңа бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. 

Оқу үшін