Дипфейктегі эмоция мен манипуляция – депутат ЖИ туралы заң толықтырылатынын айтты

Фото: Сенат
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі жуырда ғана күшіне енген Жасанды интеллект туралы заң дипфейктегі эмоция мен манипуляцияға қатысты толықтырылатынын айтты, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Енді цифрлық дәуірде жасанды интеллектінің дамуымен бірге мұндай дипфейктер көбейе береді. Бірінші кезекте бұл — этика мәселесі. Жасанды интеллект туралы заң да болашақта толықтырылады. Себебі авторлық құқық пен этика мәселелері технология қарқынды дамып жатқан кезеңде өзекті бола түсуде, сондықтан біз де заңды жетілдіре береміз. Ең бастысы — мәдени этиканы сақтау, азаматтардың бір-біріне деген құрметі. Жалпы дипфейкті кім жасайды? Адам жасайды. Сондықтан бұл да жалған ақпарат таратудың бір жолы. Бізде онлайн платформалар туралы заң бар. Тек қана жасанды интеллект туралы заңды емес, басқа да заңнамаларды ескеру қажет. Тек депутатқа ғана емес, кез келген азаматқа қатысты дипфейк жасап, оны таратуға болмайды», – дейді сенатор.
Онда ЖИ туралы заңға көмекші ретінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі қолданылмақ. Жаңартылған 641-баптың 1-бөлігіне сәйкес, ЖИ контентті таңбаламағандар мен ЖИ иелері қауіп-қатер дәрежесі жоғары жасанды интеллект жүйелерінің қауіп-қатерлерін басқармаған жағдайда жеке тұлғаларға — 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады деп көрсетілген.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қымбатшылық, тариф, жалақыны көтеру, зейнетақыны реттеу сынды мәселелерді эмоцияға берілген «депутаттар» айтып жатқан дипфейктер өте жиі тарап жатыр. Редакция дипфейктерді бірнеше мәрте жеке-жеке талдап, материалдар сериясын жариялап келеді. Бұл жолы да “Жаяу жүргіншілерге салық енгізілсін” деген дипфейк тарады.
Оны жариялаған аккаунт иесі: «Бұл жасанды интеллект арқылы жасалған әзіл» деп көрсетіпті. Өйткені Қаңтардан бастап ЖИ туралы заң күшіне енді. Онда контент егер жасанды интеллектпен жасалған болса, солай таңбалануы міндетті. Бұл жағынан дипфейк таратушы автор заңды сақтаған. Бірақ видеоның эмоция мен манипуляцияға негізделгенін ескермепті.
АЛ ЖИ ТУРАЛЫ ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
2025 жылдың 17 қарашасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Ол 2026 жылдың 5 қаңтарында күшіне енді. Заң бас-аяғы 31 баптан тұрады. Осының ішінде жасанды интеллект арқылы контент жасаушыларға әсер ететіні — 21-бап. Ол «Жасанды интеллект жүйелерін пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету» деп аталады. Бұл талапқа сай, желіде жарияланған сурет немесе видео, тіпті мәтін ЖИ арқылы жасалса, оны арнайы таңбалау міндеті қойылған.
Сондай-ақ, заңның 17-бабында ЖИ жүйелері пайдаланушылардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер ету дәрежесіне қарай бөлінеді (аз әсер ететін қауіп-қатер дәрежесі, қауіп-қатер дәрежесі орташа жүйелер және қауіп-қатер дәрежесі жоғары жүйелер) деп көрсетілген.
ЖИ туралы заңды әлемдегі түрлі үкіметтер жаңа технологиялардың дамуына байланысты реттеп, саясат пен стратегияны қайта қарап жатыр. Мәселен, қазір Қазақстанды қосқанда 72 елде ЖИ туралы заң бар. Әзірге ешбір елде ЖИ заңы бойынша royal model жоқ. Бірақ бұл әзірше ғана.


