«Диабеттен 24 сағатта емдейді»: Алаяқтар танымал дәрігердің сұхбатын дәрі жарнамасына пайдаланды

Фото: Мыңжылқы Бердіқожаев, жеке архивтен
Әлеуметтік желілерде белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаның атынан тағы да жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл жолы да алаяқтар қант диабетіне қарсы дәрілік препаратты жарнамалап, оның емі 24 сағатта нәтиже береді деген видео таратқан, деп хабарлайды nofake.kz/.
nofake.kz/ Мыңжылқы Бердіқожаға хабарласып, мән-жайды сұрады. Дәрігер алаяқтармен енді арнайы органдарға шағым түсіріп, IP-адресті анықтауға тырысатынын айтты.
«Мен енді алаяқтармен басқаша күресемін. Олардың ақпаратты таратып отырған түпкі жүйесін анықтаймын. Өйткені менің атымды жамылып, елді жаңылдырып жатқан фейк ақпарат азаяр емес», — дейді дәрігер.
Бұл жолғы жалған роликте алаяқтар нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаның 4 ай бұрын DemediaKZ YouTube арнасына қазақ тілінде берген сұхбатының үзіндісін пайдаланып, үстіне орыс тілінде «қант диабетін 24 сағат ішінде емдеуге болады» деген сарындағы жазба қосқан. Яғни ЖИ арқылы аудио-фейк жасаған.

Әрине, бұған да алданып, дәрігердің жекесіне хат жазып жатқандар көп. Бұған дейін фейсбуктегі парақшасында дәрігер:
«Жан-айқай! Көмек керек! Алаяқтармен және жасанды интеллектпен өзім күресе алар емеспін. Олар қазақ тілінде өткен сұхбатымды өте сапалы түрде бұрмалап, оның үстіне жасанды интеллекттің орыс тіліндегі дауысын жапсырған. Алаяқтардың қай елден екендігін анықтау мүмкін емес екенін ескерсек – бұл мәселе Қазақстан құқық қорғау органдарының құзыретінен де тыс шығатын сияқты. Осы қиын тапсырманы шеше алатын біреу табылар ма? Рахмет!», — деп жазған.
Айта кетейік, бұған дейін Мыңжылқы Бердіқожаев алаяқтар өзінің атын жамылып, қант диабетіне қарсы дәрілік препаратты жарнамалап жатқанын мәлімдеген еді. Бұл жолы алаяқтар енді дәрігердің қатысуымен болған сұхбатты пайдаланып, тағы да жалған видео таратып жатыр. Нейрохирург қазақстандықтарға мұндай видеоға сенбеуге, оның жалған екенін тағы да ескертті.


