NoFake

Дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету керек — Тоқаев

Фото: Akorda

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дербес деректерді қорғау мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Мемлекет басшысы дербес деректердің таралуы, онлайн-алаяқтық Қазақстан ғана емес, шетелде де қалыпты жағдайға айналғанын атап өтті.
«Цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек. Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналды», — деді Президент.
Президент осы ретте, мемлекет тарапынан киберқылмыс және алаяқтықпен күресуге қатысты қандай шаралар қолға алынып жатқанына тоқталды.
«Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, киберқылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды. Үкіметке тиісті мекемелермен бірге киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралап, қарауды тапсырамын», — деді ол.
Президент сонымен бірге цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы қажеттігін атап өтті. Айта кетейік, бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Онда Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары — Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ бірнеше өңірдің әкімдері өз баяндамаларын оқып, өткен жылдағы жұмыс қорытындыларымен таныстырды.

Оқу үшін