Депутаттың жаяу жүргіншілерге салық енгізуі туралы дипфейк тарады

Скрин: Tik-tok
Желіде жаяу жүргіншілерге салық енгізу туралы дипфейк видео тарады, деп хабарлайды nofake.kz/.
TikTok платформасында жарияланған видеода белгісіз ер адам Мәжіліс залына ұқсас орында трибунада тұрып, эмоцияға беріліп сөйлейді. Ол 2026 жылдан бастап жаяу жүргіншілерге салық енгізу қажет екенін айтқандай әсер қалдырады. Кадрлар ресми отырыс кезінде түсірілгендей көрінгенімен, айтылған мәлімдемелер шынайы емес.
Видеоны әзірлеуші бұл материалдың әзіл ретінде жасалғанын ескерткен. Алайда соған қарамастан, желі қолданушыларының басым бөлігі видеоны шын ақпарат ретінде қабылдаған. Ролик қысқа уақыт ішінде кең таралып, жарты миллионнан астам қаралым жинаған. Пікірлер саны 600-ден асып, 14 мыңнан астам адам видеоны өзара бөліскен.
Байқағанымыздай, видеода эмоцияға толы сөйлеу мәнері, ресми залға ұқсас интерьер және монтаж тәсілдері көрерменге оның шынайылығына сендіру үшін әдейі қолданылған. Мұндай белгілер дипфейк немесе манипуляциялық контентке тән. Сонымен қатар, Қазақстанның қолданыстағы немесе 2026 жылдан бастап енгізілетін жаңа Салық кодексінде жаяу жүргіншілерге салық салу туралы ешқандай норма қарастырылмаған.
Мамандар әлеуметтік желілерде тараған мұндай видеоларға сын көзбен қарап, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады. Себебі дипфейк пен жалған контент қоғамда негізсіз алаңдаушылық тудырып, жұртшылықты адастыруы мүмкін.


