NoFake

Цифрлық теңге: жалған инвестициялар мен фишинг қалай жұмыс істейді

Фото: fingramota.kz

Күн сайын цифрлық сервистерді пайдалану артқан сайын, қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлері де көбейіп келеді. Fingramota.kz мамандары цифрлық теңге атауын жамылған жалған инвестициялық жобалар мен фишингтік сайттардың қалай жұмыс істейтінін талдап, негізгі қауіптерді түсіндірді.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы айларда азаматтарға «жаңа мемлекеттік инвестициялық жобаға», «цифрлық теңге платформасына» немесе «Ұлттық Банктің ресми бағдарламасына» инвестиция салу ұсынылатын жағдайлар жиілеген. Мұндай ұсыныстарда аптасына 50–100% дейін «кепілдендірілген табыс» уәде етіледі.

Фото Fingramota.kz

«Цифрлық теңге – бұл инвестициялық құрал емес. Ол Қазақстан Ұлттық Банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы іске асырып жатқан ұлттық валютаның цифрлық нысаны. Ол пайда табуға арналмаған», – деп түсіндіреді қаржыгерлер.

Мамандардың атап өтуінше, цифрлық теңге – есеп айырысу құралы ғана: тауарлар мен қызметтерге төлем жасау, аударым жүргізу және әлеуметтік төлемдер үшін пайдаланылады.

«Мемлекеттік ұйымдар инвестициялық жобалар үшін тұрғындардан қаражат тартпайды. Кепілдендірілген жоғары табыс – алаяқтықтың басты белгісі», – деп ескертеді сарапшылар.

Бұдан бөлек, cарапшылар фишингтік сайттардың көбейгенін айтады. Алаяқтар банк немесе мемлекеттік платформаға ұқсас жалған парақша жасап, пайдаланушыны «шұғыл растау» немесе «қауіпсіздік тексеруі» деген сылтаумен жеке деректерін енгізуге итермелейді.

«Егер сайттың мекенжайы күмәнді болса немесе https қорғанысы болмаса, ешқандай дерек енгізбеңіз. Бір әріптің айырмашылығының өзі қаржылық шығынға әкелуі мүмкін», – делінген материалда.

Сарапшылар цифрлық теңгеге «ерте инвестициялау» немесе «өсуінен табыс табу» ұсыныстары заңды емес екенін ескертеді. Мұндай жарнамалар көбіне .com, .net, .xyz, .top сияқты күмәнді домендерге апарады және пікір бөлімінде бірдей мақтау комментарийлермен сүйемелденеді.

Қаржы саласында жоғары табыс әрқашан жоғары тәуекелмен байланысты. Ал «тәуекелсіз және кепілдендірілген» пайда туралы уәде – бұл инвестиция емес, алаяқтықтың айқын белгісі.

Оқу үшін