NoFake

Burger King айналасындағы дау: тексеріс қызметкердің уәждерін растады

Фото: depositphotos

Burger King Kazakhstan желісіндегі еңбек жағдайына қатысты әлеуметтік желілерде тараған шағымдардан кейін жүргізілген тексеру бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті «QSR» ЖШС-не (Burger King) қатысты жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Тексеру қызметкер Қаратай Әлібектің өтініші негізінде жүргізілген.

«Тексеру барысында өтініш берушінің уәждері толықтай расталды. Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын жүйелі түрде сақтамау фактілері анықталды. Атап айтқанда, жұмыскерлердің келісімінсіз жалақыдан заңсыз ұстап қалу, жалақыны жүйелі түрде кешіктіру, нақты жұмыс істеген уақытты есепке алмау және мереке әрі демалыс күндеріндегі еңбекақыны жоғарылатылған мөлшерде төлеу талаптарын сақтамау фактілері тіркелді. Сонымен қатар ауысым кестелері жұмыскерлерге заңда белгіленген мерзімдерді бұза отырып жеткізілген», – деп хабарлады еңбек инспекциясы.

Инспекторлар сондай-ақ компания қызметкерлерді арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпегенін, ал персоналдың бір бөлігі еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамалардан өтпей жұмысқа жіберілгенін анықтаған.

Тексеру қорытындысы бойынша «QSR» ЖШС-не анықталған бұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама беріліп, компанияға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жағдай жұмыскерлердің еңбек құқықтары толық қалпына келтірілгенге дейін еңбек инспекторларының бақылауында болады.

Еске салсақ, Burger King Kazakhstan айналасындағы дау ақпанда Threads желісіндегі жазбадан кейін басталды. Жанат Қаратай ұлы Әлібектің мейрамхана желісінде жұмыс істеп жүріп, жаңа басшылық келген соң қысымға тап болғанын жазды.

Жазбадан кейін басқа қызметкерлер де еңбек құқықтарының бұзылуы мүмкін екенін айтып, пікір білдірді. Оқиға әлеуметтік желілерде кең талқыланып, компания ішкі тексеру жүргізіп, екі шетелдік менеджерді қызметінен босатты.

Оқу үшін