NoFake

Бурабайда тұрғын «Қазақтелеком» атын жамылған алаяқтарға 5 млн теңге аударған

Фото: Gov.kz

Ақмола облысына қарасты Бурабай ауданының тұрғыны өзін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамға сеніп, 5 миллион теңгесінен айырылған, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 18 наурыз күні болған. Жәбірленушінің ұялы телефонына белгісіз азамат қоңырау шалып, интернет қызметтеріне жеңілдік рәсімдеуді ұсынған. Алаяқ ұсынысты белсендіру үшін телефонға жіберілген файлды ашуды сұраған.

Файл ашылғаннан кейін әйелдің мобильді құрылғысы істен шығып, алаяқтар құрылғыға қашықтан қол жеткізген. Тұрғын қауіп барын түсініп, банктік қосымшаларды бұғаттауға тырысқанымен, қаскөйлер депозиттік шоттан қаражатты «дропперлердің» есепшоттарына аударып үлгерген.

«Қазіргі уақытта ақша аударылған есепшоттардың иелері анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», — деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаменті.

Полицияның айтуынша, соңғы уақытта байланыс операторлары мен ірі компаниялардың атын жамылып жасалатын интернет-алаяқтық фактілері көбейген.

«Азаматтардан белгісіз адамдар жіберген файлдар мен сілтемелерді ашпауын, өздерін компания қызметкері ретінде таныстырған адамдарға сенбеуін сұраймыз. Ешқашан SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға беруге болмайды», — деп ескертті ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта полицейлер тұрғындарды сақ болуға және күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеуге шақырып отыр.

Оқу үшін