NoFake

Брокердің лицензиясын қалай тексеруге болады

Фото: freepik.com

ҚР Қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігі инвестициялық құралдарға қаражат салмас бұрын, брокерлік ұйымда лицензияның бар-жоғын тексеруге кеңес береді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомствоның мәліметінше, лицензия қаржы ұйымының уәкілетті органның қадағалауында екенін дәлелдейді.

«Лицензияның болмауы компанияның заң аясынан тыс жұмыс істейтінін және қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқықтарының қорғалмағанын білдіреді. Мұндай жағдайларда салынған қаражатты қайтару айтарлықтай қиын немесе мүмкін болмайды», — делінген хабарламада.

Осы ретте, микроқаржы ұйымдарының, сақтандыру компанияларының, брокерлердің және қаржы нарығына өзге де қатысушылардың қызметін реттеу және қадағалау функцияларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүзеге асыратынын еске саламыз.

Сол себепті, брокерлік ұйымның заңдылығын тексеру үшін инвесторларға Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырылған қаржы нарығына лицензияланған қатысушылардың ресми тізілімін пайдалану ұсынылады. Тізілімде Қазақстанда брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлғалар туралы мәліметтер, сондай-ақ олардың мәртебесі, басшылығы, берілген лицензиялары және қолданылған қадағалап ден қою шаралары туралы ақпарат қамтылады.

Брокерді тексеру кезінде төмендегілерді тексеруге кеңес беріледі:

  • брокерлік қызметке қолданыстағы лицензияның болуы;
  • компания атауының тізілім деректерімен сәйкес келуі;
  • лицензияны тоқтата тұру немесе одан айыру туралы мәліметтердің болмауы;
  • тарату немесе қызметін тоқтата тұру туралы ақпараттың болмауы;
  • мәлімделген қызметтердің берілген лицензия түріне сәйкес келуі.

Егер брокерлік ұйым шетелде тіркелген болса, халықаралық лицензиясы болса не «лицензия алуды күтіп отырса», онда оның Қазақстан Республикасының аумағында брокерлік қызметтерді жүзеге асыруына заңды негіз жоқ. Шет мемлекеттің лицензиясы Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етпейді және қорғау үшін Агенттікке жүгінуге мүмкіндік бермейді.

«Егер компания қаржы нарығының лицензияланған қатысушыларының тізілімінде болмаған немесе мәліметтерде сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, Агенттік инвестициялаудан бас тартуға және ақша қаражатын бермеуге кеңес береді. «Кепілді кірісті», өте жоғары кірісті немесе тәуекелсіз инвестицияларды ұсынатын ұйымдарға ерекше сақтық таныту қажет. Мұндай ұсыныстар алаяқтық схемаларға тән белгі болып табылады», — делінген ведомство ұсынған хабаралмада.

Сондай-ақ, алаяқтық белгілері анықталған кезде азаматтарға осындай ұйыммен өзара іс-қимылды дереу тоқтатуға, барлық қолда бар дәлелдемелерді сақтауға және құқық қорғау органдарына, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтінішпен жүгінуге кеңес беріледі.

Қаржы ұйымының лицензиясын тексеру бір минуттан аз уақытты алады және ақша қаражатын жоғалту қаупін едәуір азайтуға мүмкіндік беретінін еске саламыз.

Оқу үшін