БҚО-да жайылымды таптатпау үшін 108 мың киікті атқан, аулаған

Фото: gov.kz
Батыс Қазақстан облысының шаруалары мал жайылымдарын киік басып, шабындықтарды таптап тастайтынына жиі шағымданатын еді. Облыста аталған мәселе қалай шешіліп жатыр? Өңір әкімі Нариман Төреғалиев жауап берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Өңір басшысының сөзінше, облыс Қазақстандағы мал саны бойынша екінші орын алатындықтан, аймақта мал жайылымдары мен шабындық жерлерді киікке таптатпау – расымен өзекті мәселе. Нариман Төреғалиев қазір осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды.
«Үкіметтің қаулысымен ол мәселені реттеуге шешім шықты. Сол шешіммен, биыл біз киіктерді реттеу мәселесін бастадық. Кеше ғана 1 желтоқсанды тоқтаттық. Бүгінде 108 мыңдай киікті ауладық. Оның екі әдісі бар: ату және тормен аулау әдісі. 15 ет комбинаты жұмыс істейді. Осы ет комбинаттары арқылы киік етін әр түрлі сауда орындарына, көрші облыстарға сатып жатырмыз. Киік мәселесі тек реттеумен байланысты емес. Қазір шаруа қожалықтарымен үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Шөпке, мал азығына тәуелдіміз. Біз Қазақстан бойынша мал саны бойынша екінші орынды аламыз. Екіншіден, шаруа қожалықтары өз жерлерін тор (ред. сетка) қоршай бастады. Оған мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған», — деді әкім.
Бүгін БҚО әкімі Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг берді. Онда өңір басшысы облыстағы өзекті мәселелер мен негізгі даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады.


