NoFake

Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға әсер ете ме: әкім түсіндірді 

Environmental pollution industry exterior daylight

Фото: freepik.com

Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға қауіпті емес. Бұл туралы Орталық коммуникацялар орталығында өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Облыс басшысы Ресей мен Қазақстан шекарасында «Еуразия» АЭА құрылатынын хабарлап еді, журналистер бірден: «Арнайы экономикалық аймақ ашылса, Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға кері әсер етпей ме?» деп сұрады. Әкімнің айтуынша, жаңадан құрылатын «Еуразия» АЭА-ның басты мақсаты — инвесторларға қолайлы жағдай жасап, отандық өндірісті дамыту.

«Санкцияға қатысты ешқандай зияны болмайды. Біздің мақсат — инвесторларға жағдай жасау және импортты алмастыру. Нарықта сұранысқа ие, Қазақстанда өндірілмейтін тауарларды осында шығаруымыз керек. Санкцияға алаңдайтын мәселе жоқ», — деп жауап берді әкім.

БҚО әкімі ОКҚ брифингінде өңірдегі даму көрсеткіштерімен қатар, іске қосылуы жоспарланған «Еуразия» арнайы экономикалық аймағының маңызын түсіндірді.

Әкімнің айтуынша, бұған дейін Теректі ауданында 280 гектарды қамтитын индустриялық аймақ құрылған. Инфрақұрылым толық тартылып, инвесторлар тарапынан жоғары қызығушылық бар. Енді бұл аумақты кеңейтіп, салықтық жеңілдіктер қарастырылған арнайы экономикалық аймаққа айналдыру жоспарланып жатыр.

«Үкімет басшысы тікелей тапсырма берді. Қазір АЭА ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қажетті ішкі желілерді тартуға 12 млрд теңге шамасында қаражат керек. 2026 жылы бұл мәселе толық шешіледі. Бүгіннің өзінде бес инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр, тағы бір компания 14 зауыт салуды жоспарлап отыр», — деді Төреғалиев.

Оқу үшін