NoFake

БҚО-да дропперлер арқылы шетелге ақша шығарған топ ұсталды

Фото: Gov.kz

Батыс Қазақстан облысында алаяқтық жолмен алынған қаражатты дропперлер арқылы айналымға шығарып келген топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қаржы мониторингі агенттігі күдіктілердің заңсыз схемасын тоқтатқанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, күдіктілер алаяқтық жолмен алынған қаражатты дропперлердің шоттары арқылы өткізіп, кейін қолма-қол ақшаға айналдырған.

«Күдікті алаяқтық жолмен алынған қаражатты үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің шоттары арқылы аударып, қолма-қол ақшаға айналдыруға бағытталған схеманы әзірлеп, оны үйлестірген. Осы мақсатта өзге тұлғаларды заңсыз әрекеттерге тартып, олардың әрқайсысына нақты міндеттер бөліп берген», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, дропперлерге заңсыз әрекеттерге қатысқаны үшін 200-ден 350 АҚШ долларына дейін сыйақы төленген. Мәселен, 2025 жылғы қазанда Орал қаласында студенттің атына банк шоттары ашылып, онлайн-банкинг деректері үшінші тұлғаларға берілген. Кейін бұл шоттар арқылы интернет-алаяқтықтан түскен қаражат жүргізіліп, айырбасталып, шетелге аударылған.

Шот иесі аталған әрекеттердің заңсыз екенін түсінген соң, өз еркімен құқық қорғау органдарына жүгінген. Бұл қаржы операцияларын дер кезінде тоқтатуға мүмкіндік берген.

«Шоттар бұғатталғаннан кейін күдікті мен оның сыбайластары жәбірленушіге қысым көрсетіп, банк қосымшаларын қайта верификациялауды талап еткен. Оны пәтерде заңсыз ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, ұялы телефонын ломбардқа өткізуге мәжбүрлеген. Сонымен қатар, шоттардағы шектеулерді алып тастау үшін жәбірленушіні түрлі мекемелерге ертіп жүрген», – деп мәлімдеді агенттік.

Қазіргі уақытта схема ұйымдастырушысы қамауға алынған. Оның алты сыбайласына қатысты кепіл және елден шықпау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Іс сотқа жолданды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Оқу үшін