NoFake

Биткоин және жалған мәміле: Шымкентте 2,5 млн долларлық алаяқтық ашылды

Фото: depositphotos

Шымкентте аса ірі көлемдегі алаяқтық және бопсалау деректері бойынша күдікті ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

ІІМ мәліметінше, күдікті алаяқтық жолмен құны шамамен 2,5 млн АҚШ долларын құрайтын бизнесті иемденген.

Ведомствоның хабарлауынша, ол есеп айырысу криптовалютамен – биткоин арқылы жүргізіледі деген сылтаумен компания мен оның мүлкін өз атына рәсімдеуді ұйымдастырған. Заңды рәсімдер аяқталғаннан кейін бұрынғы иесіне криптоәмиянға қол жеткізу үшін жалған деректер берілген, яғни іс жүзінде төлем жасалмаған.

«Кейін күдікті жағдайды пайдаланып, экс-иесіне компанияда оған қатысты әшкерелейтін материалдар бар екенін айтып, оларды жарияламау үшін 250 мың АҚШ долларын талап еткен», – деп хабарлады ІІМ.

Жедел іс-шаралар барысында күдікті талап етілген соманың бір бөлігін – 150 мың АҚШ долларын алу кезінде ұсталған. Алаяқтық және бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқу үшін