Бір қарыз үшін борышкердің барлық мүлкіне арест қоюға бола ма

Фото: Freepik.com
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Әділет министрлігі мен Жеке сот орындаушылар республикалық палатасы өкілдері бір қарыз үшін борышкердің барлық мүлкіне арест қоюға бола ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Брифинг барысында спикерлерге бірнеше сұрақ қойылды. Оның ішінде Батыс Қазақстанда жеке сот орындаушысы 800 мың теңге қарыз үшін, борышкердің барлық мүлкіне, атап айтқанда екі үйі, пәтері, 4 жер телімі және көлігіне тыйым салғаны туралы сауал жолданды. Яғни, тілшілер бір қарыз үшін борышкердің барлық мүлкіне арест қоюға бола ма деген тақырыпты қозғады.
«Апелляциялық сот мұны заңсыз деп танып, мөлшерлестік принципін бұзғанын айтқан. Жалпы 2025 жылы жеке сот орындаушылары тарапынан мөлшерлестік принципін бұзу қаншалықты жиі кездесті және оны болдырмау үшін қандай шаралар қабылдануда?», — деп сұрады БАҚ өкілі.
Аталған сауалға Жеке сот орындаушылар республикалық палатасының төраға орынбасары Азамат Бердібеков жауап берді.
«Иә, осы сұрақтағы мәселе сынды оқиғалар жиі орын алып жатады. Шын мәнінде сот шешімі сот орындаушыларына орындауға түскен кезде, орындаушылар борышкерлердің жылжымалы, жылжымайтын мүліктеріне тыйым салады. Осындай жағдайда борышкерлердің мүліктік жағдайын анықтағанда, борышкерлердің осы кейсте айтылып жатқандай бірнеше мүлкінде, өкінішке орай бірнеше арестер болуы мүмкін», — деді ол.
Спикердің айтуынша, бұл ретте борышкердің кей мүлкі банкте кепілде тұруы, ал кейбірі еш кепілде тұрмауы мүмкін.
«Екінші мүлкіне онда не себепті арест қойылады деген сауал туындайды. Мұндай жағдайда сот орындаушылары борышкердің арызы бойынша, оның бағалау құнын анықтап, тиісті соттың шешімін орындауға бағытталған қаражатқа ғана, сол мүлікке сай тыйым салып, қалған мүліктерінің тыйымын шешуге құқылы. Көп жағдайда борышкерлер өз құқығын осылай қолданып жатады», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін ҚР Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындау комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков «2025 жылға атқарушылық құжаттарды орындау қорытындылары туралы» брифинг өткізген еді.


