Бас прокуратура референдум алдындағы үгітке қатысты ескерту жасады

Фото: depositphotos
Бас прокуратура 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында азаматтарға үндеу жасап, заң талаптарын сақтауға шақырды. Ведомство 14 және 15 наурызда үгіт жүргізуге тыйым салынатынын ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Мемлекет басшысының 2026 жылғы 11 ақпандағы №1170 Жарлығына сәйкес, 15 наурызда «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал бойынша республикалық референдум өтеді.
Қазіргі уақытта азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан референдумға байланысты үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда заңнамаға сәйкес бұл жұмыстардың нақты мерзімі белгіленген.
«Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына және Референдумды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес үгіт жүргізу 2026 жылғы 14 наурыз сағат 00:00-де аяқталады. Бұл ретте референдум қарсаңындағы күні мен референдум өткізілетін күні, яғни 2026 жылғы 14 және 15 наурызда үгіт жүргізуге тыйым салынады», – делінген прокуратура үндеуінде.
Сонымен қатар заңнамаға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдум нәтижелеріне қатысты болжамдарды немесе осы тақырыптағы өзге де зерттеулерді жариялауға жол берілмейді.
Бұдан бөлек, референдум күні дауыс беруге арналған үй-жайларда немесе пункттерде қоғамдық пікірге сауал салу жүргізуге де тыйым салынған.
«Аталған құқықтық талаптарды бұзу кінәлі тұлғалардың әкімшілік жауаптылыққа тартылуына әкеп соғады. Нақты айтқанда, 2026 жылғы 14 және 15 наурызда үгітті жүргізгені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша жауаптылық туындайды», – деп ескертті Бас прокуратура.
Ведомство азаматтарды заң талаптарын сақтауға және референдум кезінде құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.


