NoFake

Балықтың құрамында сынап болуы мүмкін — шындық

Коллаж NoFake

Балық – ақуыз бен омега-3 май қышқылдарына бай су жануары. Дегенмен, оның пайдалы дәмінің астарында көзге көрінбейтін қауіп, нақтырақ айтқанда «сынап» жасырынуы мүмкін. Бұл ауыр металл иіссіз әрі дәмсіз болғанымен, ағзада жиналып, уақыт өте келе жүйке, бауыр және бүйрек қызметіне кері әсер етеді, деп хабарлайды NoFake.

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасының химик маманы Айнұр Кенжебаеваның айтуынша, зертханалық бақылау тағамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең маңызды тетігі.

«Көпшілік балықты тек пайдалы өнім деп қабылдайды, алайда кей жағдайда ол ағзаға қауіпті элементтердің көзіне айналуы мүмкін. Сол себепті балықтың сапасын тексеру өте маңызды», – дейді маман.

Сынап суға қайдан түседі

Маманның айтуынша, сынап су айдындарына көбіне өнеркәсіптік қалдықтар мен көмір жағу кезінде бөлінетін қалдықтар арқылы түседі.

«Сынап табиғатта айналымда жүреді: ол ауаға тарайды, кейін жаңбырмен суға түседі. Сол жерде микроағзалардың әсерінен метилсынапқа айналып, ең улы түрге өтеді. Балық неғұрлым үлкен әрі жыртқыш болса, оның құрамында сынап соғұрлым көп болады. Себебі ол өзінен бұрын сынап жинаған бірнеше балықпен қоректенеді», – деп түсіндірді Айнұр Кенжебаева.

Зертханалық сараптамалар көрсеткендей, ең жоғары сынап мөлшері қақталған және кептірілген балықтарда кездеседі.

«Кептірілген балықтағы ылғал азайған сайын токсиндер шоғырланып, зиянды элементтердің концентрациясы арта түседі. Сондықтан мұндай өнімдерді тек құжаттары бар, сенімді сатушылардан ғана алу керек», – дейді Айнұр Серікқанқызы.

Лабораторияда сынап қалай анықталады

Референс-зертханада сынаптың мөлшері заманауи сынап анализаторының көмегімен анықталады. Бұл құрылғы тіпті өте аз мөлшердегі (іздік деңгейдегі) сынапты да дәл табуға болады.

«Алдымен зертханаға жеткізілген балық сынамасын толық тазалап, етін арнайы құрылғыда ұнтақтап, анализге қажетті мөлшерін дәлділігі жоғары таразыда өлшеп, сынап анализаторында сынаптың мөлшерін анықтаймыз. Алынған нәтижені Кеден одағының техрегламентіндегі нормалармен салыстырамыз», — деді маман.

Сынаптың ағзаға әсері

Тіпті аз мөлшердегі сынаптың өзі денсаулыққа зиян. Ол зат алмасу жүйесін бұзып, жүйке, бауыр және бүйрек қызметін әлсіретеді.

«Сынаптың қауіптілігі – оның ағзадан оңай шықпайтынында. Адам оны байқамай қабылдауы мүмкін, ал әсері уақыт өте көрініс береді. Ең алдымен жүйке жүйесі зардап шегеді, кейін бауыр мен бүйрекке әсер етеді», – деп атап өтті маман.

Әсіресе жүкті әйелдер мен балалар ерекше сақ болуға тиіс.

«Метилсынап ұрықтың жүйке жүйесінің дамуын тежейді. Сондықтан жүкті әйелдерге балық таңдауда аса мұқият болуды ұсынамыз», – дейді маман.

Қауіптен сақтану жолдары

Мамандардың айтуынша, тұтынушыны қорғаудың ең тиімді жолы — өнімнің сапасына назар аудару.

«Құжатсыз сатылып жатқан кептірілген немесе қақталған балықты алмаңыз. Ветеринарлық сертификаттың болуы – өнімнің қауіпсіздігінің басты кепілі. Сонымен қатар ұсақ жаңа және әртүрлі балық түрлерін алмастырып тұру пайдалы», – дейді Айнұр Серікқанқызы.

Балық – салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі. Бірақ мамандардың пікірінше, бастысы — сан емес, сапа.

«Балықтан толық бас тартудың қажеті жоқ. Ең дұрысы – сапалы, тексерілген өнімді таңдап, денсаулыққа зиян келтірмейтін саналы тұтынушы болу», – деп қорытындылады маман.

Оқу үшін