NoFake

Балаларға МӘМС аясында тегін брекет пен имплант салынбайды

Снимок экрана 2025 12 03

Әлеуметтік желілерде Қазақстанда 18 жасқа толмаған балаларға брекет пен тіс имплантын тегін орнатуға арналған пилоттық жоба іске қосылғаны туралы ақпарат тарады. Жазбаларда бұл қызметті емхана берілетін жолдама арқылы алуға болатыны айтылған. Алайда бұл мәлімдеме — жалған, деп хабарлайды nofake.kz/.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, балаларға тегін брекет пен имплант орнатуға арналған ешқандай пилоттық жоба жоқ. Сонымен бірге белгілі бір ортодонтиялық көмек шынымен МӘМС жүйесіне кіреді, бірақ ол тек нақты медициналық көрсеткіш болған жағдайда ғана көрсетіледі.

«Бұл көмекті жақ–бет аймағының туа біткен патологиясы бар балалар, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан және айтарлықтай тіс-жақ аномалиялары анықталған балалар ала алады. Мұндай жағдайларда көмек ортодонт кеңесінен, бастапқы тексеруден, тіс қалыбын алудан, ортодонтиялық пластинка орнатудан, түзетуден және Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-37 бұйрығында көзделген басқа да процедуралардан тұрады», — деп түсіндірді қор.

Қор мамандары жақ–бет аймағының туа біткен немесе жүре пайда болған деформациялары бар балаларға медициналық көмек амбулаториялық жағдайда стоматологтармен де, арнайы жақ-бет хирургиясы орталықтарында да көрсетілетінін айтты. Емдеу қажеттілігі дәрігердің клиникалық бағалауы негізінде анықталады. Егер хирургиялық араласу немесе бейінді маманның көмегі қажет болса, бала профильді медициналық ұйымға жіберіледі, онда қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі.

Бұдан бөлек, балалар мен жүкті әйелдерді қоса алғанда, бірқатар азамат жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмекті МӘМС аясында ала алады. Сондай-ақ кейбір санат (зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, көпбалалы аналар және т.б.) үшін шұғыл стоматологиялық көмек қолжетімді.

«Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі мен МӘМС жүйесі аясында кариес, пульпит, периодонтит және басқа да ауруларды емдеу, сондай-ақ тісті сақтау мен күрделі стоматологиялық мәселелердің алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар қарастырылған», — деп атап өтті қор.

Қор жалған медициналық ақпарат тарату азаматтар арасында күмән тудырып, өтініштер мен шағымдардың көбеюіне, сондай-ақ әлеуметтік шиеленістің артуына әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

Оқу үшін