NoFake

Бала 1,5 жасқа толған соң төлем беріледі деген ақпарат жалған – Министрлік

Фото: Gov.kz

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бала 1,5 жасқа толғаннан кейін әйелдер жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдерді рәсімдей алады деген ақпарат тарауда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады. Сондықтан ол жұмыссыз деп танылмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға ғана беріледі», – деп түсіндірді министрлік.

Ведомствоның айтуынша, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ғана тағайындалады. Бұл үшін азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы тиіс.

«Әлеуметтік төлемдерді алу мақсатында әдейі жалған мәліметтер беру алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін. Мұндай нұсқаулықтарды тарататын тұлғалар да жауапкершілікке тартылуы ықтимал», – деп ескертті Еңбек министрлігі.

Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде алаяқтық фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Бес өңірде қазірдің өзінде 7 сот үкімі шығарылды. Тергеу барысында азаматтардың әлеуметтік желілердегі (соның ішінде Instagram-дағы) жарнамалық жарияланымдарға сеніп, әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемаларына тартылғаны анықталды.

Оқу үшін