БАД пен есірткі жарнамалайды: Сенатор әлжелілерді жауапқа тартуды ұсынды

Иллюстрация: nofake.kz/
Сенат депутаты Геннадий Шиповских әлеуметтік желілерде таралатын қауіпті жарнамаларға қатысты алаңдаушылық білдіріп, платформаларды жауапқа тартуды ұсынды, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Қазақстанда әлеуметтік желілер жай ғана байланыс құралы емес, қоғамның санасына тікелей әсер ететін қуатты құралға айналды. Соңғы жылдары ондағы жарнамалардың саны ғана емес, агрессивті сипаты да шектен шығып барады», – деді сенатор.
Оның айтуынша, блогерлер мен инфлюенсерлер арқылы таралатын жарнамалар азаматтардың қаржылық шешімдеріне, тұтынушылық таңдауына және денсаулығына тікелей ықпал етеді.
«Жарнамадан біреулер табыс тауып отыр, ал барлық тәуекел мен зардап қарапайым халықтың мойнына жүктеледі», – деп атап өтті ол.
Сенатор әлеуметтік желілерде азаматтардың еркінен тыс есірткіге, жезөкшелікке, онлайн казиноға және порнографиялық сипаттағы контентке тап болу жағдайлары жиілегенін айтты.
«Адам рилс көріп отырып, аяқ астынан осындай контентке тап болады. Мұндай жағдайда мемлекет жүргізіп жатқан алдын алу жұмыстарының тиімділігі қандай болмақ?!» – деді Шиповских.
Ол сондай-ақ медициналық білімі жоқ тұлғалардың гормоналды препараттар, арықтауға арналған құралдар мен түрлі биологиялық белсенді қоспаларды ашық жарнамалап жатқанын сынға алды.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде урологиялық сипаттағы өнімдерге ерекше назар аудартатын жыныстық функцияға, ерлер денсаулығына әсер ететін құралдармен қатар, гормоналдық препараттар, салмақ төмендетуге арналған өнімдер, иммунитетті арттыруға бағытталған қоспаларды медициналық білімі жоқ тұлғалар тарапынан ашық, әрі, кең таралуы белсенді құбылысқа айналып отыр. Бұл өнімдер кейде табиғи, қауіпсіз, дәрігерсіз де ішесің деген ұранмен ұсынылады. Алайда оның салдары қандай болатыны, азаматтың денсаулығына қандай қауіп төндіретіні ескерілмейді», – деді сенатор.
Осыған байланысты Геннадий Шиповских Meta, TikTok және басқа да платформалармен бірлесіп, Қазақстанда тыйым салынған әрі қоғамға қауіпті жарнамалардың таралуына жол бермейтін нақты механизмдер енгізу қажет екенін айтты.
«Meta, TikTok және өзге де платформалармен бірлесіп, Қазақстан аумағында тыйым салынған және қоғамға қауіпті жарнамалардың алгоритм арқылы таралуына жол бермеу бойынша нақты келісімдерге қол жеткізу керек. Әлеуметтік желілерде адамның еркінен тыс есірткі, жезөкшелік, онлайн казино және порнографиялық сипаттағы пайда болатын жарнамалардың таралуын автоматты түрде анықтап, жедел бұғаттайтын нақты бақылау механизмін енгізу қажет. Үшіншіден, медициналық білімі жоқ тұлғалардың адам денсаулығына тікелей әсер ететін өнімдерді жарнамалауына шектеу қою. Мұндай жарнаманың салдарынан азаматтардың денсаулығына зиян келген жағдайда өнімді жарнамалаған тұлғаның да жауапкершілігін қарастыру қажет», – деп атап өтті Сенат депутаты.
Еске салайық, 2022 жылғы шілдеден бастап Қазақстанда қаржылық пирамидалар мен заңсыз инвестициялық жобаларды жарнамалауға тыйым салынған. Бұл талапты бұзғандар үшін ірі айыппұл, сондай-ақ жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, 18 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал онлайн-казино жарнамасын таратқан инфлюенсерлердің жалпы саны – 37. Ведомство өкілдері олардың көпшілігі мұндай жарнамамен жүйелі түрде айналысатынын және қолданыстағы айыппұлдар жарнама табысымен салыстырғанда тым төмен екенін атап өткен.


