Атырау облысында жоғалған отбасы: Полиция қылмыстық іс қозғады

Фото: Gov.kz
Атырау облысында бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткен отбасыға қатысты қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Із-түзсіз жоғалғандар — Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұрған ерлі-зайыптылар және олардың 33 және 35 жастағы ересек балалары.
Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықовтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта барлық медициналық мекемелер, оның ішінде жекеменшік клиникалар да тексерілуде.
«Жоғалған азаматтардың ұялы телефондары Қазақстан аумағында бірнеше рет қосылып-өшірілген, соңғы рет Шымкент қаласында тіркелген. Іздеу жұмыстарына арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мамандары тартылды», — делінген ресми хабарламада.
Құттыбай Садықовтың айтуынша, екі немесе одан да көп адамның хабар-ошарсыз кету фактілері бойынша іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы — «Адам өлтіру» бабы бойынша қаралады.
Контекст
Осыдан бір ай бұрын Атырау облысы, Жангелдин ауылында тұратын бір отбасының мүшелері жұмбақ жағдайда хабар-ошарсыз кеткен. Алғашында төрт адам жоғалғаны айтылса, туыстары мен желідегі ақпараттарға сүйенсек, олардың саны алты адамға дейін жетуі мүмкін.
Осы оқиғаға қатысты бүгін әлеуметтік желіде өзін атыраулық хакер деп таныстырған азамат видео жариялады. Онда ол жоғалған отбасы мүшелерінің SIM-карталары арқылы олардың әр кезеңде болған геолокацияларын анықтағанын мәлімдейді. Видео авторының айтуынша, телефон нөмірлері Қазақстанның бірнеше өңірінде тіркеліп, әр уақытта қосылып-өшіп отырған.
Алайда бұл ақпараттың ресми түрде расталмағанын атап өткен жөн. Құзырлы органдар азаматтарды тек құқық қорғау органдары таратқан ресми деректерге ғана сенуге шақырып отыр. Полиция жалған немесе тексерілмеген мәліметтер тергеу жұмысына кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертті.


