Атырау облысына жаңа әкім тағайындалды деген ақпарат — жалған

Фото: Яндекс
Мессенджерлерде «5 желтоқсандағы Президент жарлығы» деп көрсетілген құжат таралып жатыр. Онда Еркін Байділдәев есімді азаматтың Атырау облысының жаңа әкімі болып тағайындалғаны туралы егжей-тегжейлі баяндалған, деп хабарлайды nofake.kz/
Облыс әкімінің баспасөз қызметі де тез арада түсініктеме беріп, ешқандай тағайындау жасалмағанын растады. Атырау облысының әкімі қызметін Серік Шәпкенов атқарып жатыр.
«Мессенджерлерде тараған Атырау облысына жаңа әкім тағайындалды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ақпаратты тек ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерге сүйене отырып қабылдауды сұраймыз», — деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желіде тараған құжат алғаш қарағанда шынайы әсер қалдырады. Үміткердің өмірбаяны, еңбек жолы, тіпті алғашқы кадрлық шешімдері де тізілген. Тексеру кезінде Еркін Байділдәев есімі ресми дереккөздерде мүлде кездеспейтіні анықталды. Ашық базаларда бұл аты-жөнге қатысты тек қысқа анықтамалық мәліметтер ғана бар. Ал жаңалықта көрсетілгендей мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі немесе мұнай-газ саласын басқарғанына қатысты ешбір дәлел жоқ. Яғни мәтінде саяси салмағы бар тұлға ретінде көрсетілген адамның өзі ресми тұлғалар тізімінде жоқ.
Осылайша «дау тудырған кадрлық жаңалық» — жалған болып шықты. Атырау облысының қазіргі әкімі — Серік Шәпкенов. Ол бұл қызметке 2022 жылдың 7 сәуірінде тағайындалған. Айта кетейік, нақты тағайындаулар телеграм-арналарда емес, Ақорданың ресми сайтында жарияланады.


