NoFake

Атырау гарнизоны сарбаздың өліміне қатысты ресми түсінік берді

Фото: Liter.kz

Атырау гарнизонының баспасөз қызметі 12 наурыз күні әскери бөлімдердің бірінде болған қайғылы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Ведомствоның мәліметінше, жоспарлы далалық атыс жаттығулары барысында мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алған. Алдын ала деректер бойынша, оқиға қаруды пайдалану кезінде жіберілген абайсыздық салдарынан болған.

«Әскери қызметші дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Оның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі»,-делінген ресми хабарламада.

Аталған факті бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары басқаратын арнайы комиссия жіберілген.

Оқу үшін