Атырау әуежайын қайта жөндеуге $50 млн инвестиция тартылды — Облыс әкімі

Фото: iaa-jsc.kz
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының әкімі өңір әуежайын жаңғыртуға 50 млн доллар көлемінде инвестиция тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әкімнің айтуынша, аталған қаражат есебінен жылына үш миллион жолаушыға арналған жаңа терминал салу жоспарланған.
«Инвесторлармен келісімшарт жасалды. 50 млн доллар аясында терминал құрылысы жүзеге асады. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, жақын күндері мемлекеттік сараптамаға өткізіліп, рұқсат алынады. Құрылыс келесі жылы басталады», — деді облыс әкімі Серік Жамбылұлы.
Еске салайық, 2024 жылдың тамызында Атырау халықаралық әуежайының 100 пайыз акциясы Катар инвесторларына тиесілі QazAir Investments компаниясына сатылғаны хабарланған. Бұған дейін әуежайдың иелері түрік Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma A.Ş. компаниясы мен Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы болған. Үкімет қаулысы екі тараптың үлесіне де қатысты, осылайша QazAir Investments әуежайдың толық бақылауын алады. Мәміленің құны мен нақты мерзімі жарияланбаған.
Компания Катардың қаржы орталығында тіркелген, жарғылық капиталы 1000 доллар, акционерлік капиталы 300 мың доллар. Түпкі бенефициары Авраам Даниэль Данино болып көрсетілген.
«ATMA — Атырау әуежайы және транспорт» компаниясы 1993 жылы құрылған және 1979 жылдан бері жұмыс істеп тұрған халықаралық әуежайды басқарады. Атырау әуежайы Түркия, Египет, Ресей және Нидерланды бағыттарына жолаушылар мен жүк рейстерін орындайды.


