NoFake

Ата-аналар жеке деректерін мектеп әкімшілігіне беруге міндетті ме: түсіндіреміз

Medium shot girl learning math school

Фото: freepik.com

Мектеп әкімшілігі ата-аналардың жеке деректерін тек олардың рұқсатымен ғана ала алады, деп хабарлайды nofake.kz/. 

WatsApp желісіндегі кезекті ата-аналар чатының бірінде Бас прокуратураның талабымен ата-аналардың жеке деректері сұралып жатқаны туралы ақпарат тарады. Айтуларынша, мектеп әкімшілігі олардың жеке деректерін жедел түрде толтыруды талап еткен. 

Комментарии 03 (1)
Cкрин әлеуметтік желіден

Осыған орай, ҚР Оқу-ағарту министрлігінен ата-аналардың жеке деректері не мақсатта сұралатынын білдік. 

«Мектеп ата-ананың аты-жөні мен жұмыс орнын баланың әлеуметтік жағдайын анықтау сияқты заңда көзделген мақсатпен, нақты құқықтық негізін көрсетіп сұрау керек. Яғни, ата-аналардың жеке деректері ҚР 2013 жылдың 21 мамырындағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңы аясында ғана сұралуы тиіс», — деп түсіндірді ведомство өкілдері. 

Ал, заңгер Төрехан Мұхтаров мектеп әкімшілігі жеке деректерді мәжбүрлі түрде сұратқаны үшін, жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсіндірді. 

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 79 бабы бойынша немесе тіпті Қылмыстық кодекс бойынша да директорлар мен мектеп әкімшілігі осындай ақпарат сұратқаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Себебі, дәл осы жағдайда Прокурордың бұйрығымен деп сұрату заңсыз болып есептеледі және бұл жерде кәмелетке толмаған балалардың да жеке деректері сұралып отыр. Жалпы адамдардың жеке деректері «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заң аясында қорғалады. Сондықтан өте сақ болған жөн, себебі жеке деректер тек ата-аналардың жеке мәліметтерін өңдеуге рұқсат берген кезде, яғни қол қойған жағдайда ғана берілуі тиіс», — деп түсіндірді ол. 

Яғни, көргеніміздей мектеп әкімшілігі ата-аналардың жеке деректерін алу немесе өңдеу үшін, олардың рұқсатын алу керек. Қалған жағдайда жеке деректерді жолдау қауіпті болуы мүмкін.

Оқу үшін