Ата-аналар тегін үйірмелерге қалай қол жеткізе алады: түсіндіреміз

Фото: freepik.com
Қазақстанда тегін үйірмелерге қалай қол жеткізуге болады? Ақысыз үйірме дауы жайлы депутаттар не дейді? nofake.kz/ мәселені зерттеп көрді.

Қазақстанда жеткіншектерді тегін үйірмеге тіркеу ата-аналарды әуре-сарсаңға салып жүр. Олардың бірі аз уақыт ішінде баланы арнайы сайт арқылы тіркеуге үлгермедім десе, енді бірі тегін үйірмеге қалай және қашан тіркейтінін білмей дал.
Осы орайда nofake.kz/ оқу-ағарту министрлігіне еліміздің қай өңірінде қандай қосымша арқылы тегін үйірмеге жолдама алуға болатыны туралы сауал жолдады. Ведомство өкілдері қазіргі таңда Қазақстан бойынша 2,2 млн оқушы тегін үйірмемен қамтылғанын мәлімдеді.
«Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1,6 млн-ға, ал 2024 жылғы көрсеткіштен 2,1 млн-ге артық. Яғни, соңғы екі жылда балаларды тегін үйірмемен қамту көрсеткіші 38%-ға ұлғайды. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылдан бастап Қазақстанда қосымша білім беру ұйымдарын ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Осылайша, бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жоба Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда шамамен 600 мың бала қосымша білім беруге арналған ваучерлер алды. Яғни, ата-аналар балаларын қандай үйірме мен секцияға қатысатынын өздері таңдайды. Қажет болған жағдайда құжаттарды қайта тапсырмай-ақ бағытты өзгертіп, үйірмені таңдай алады және бұл ретте ваучер сақталады”, — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, қаржыландыру тек бір балаға ғана бағытталады, яғни «бір бала-бір ваучер» принципімен жүзеге асады. Мұндай тетік барлық оқушылар үшін тең мүмкіндіктерді, ашықтықты қамтамасыз етеді және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану жағдайларының алдын алады. Бүгінгі күні жоба Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Оқу-ағарту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Ел тұрғындары тегін үйірмеге қандай ақпараттық жүйе арқылы қол жеткізе алады?
Сонымен, республикада бүгінде жергілікті атқарушы органдардың шығармашылық және спорттық тапсырыстарын жүзеге асыратын 6 ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр:
Бірінші. ArtSport – 8 өңір (Абай, Ақмола, Алматы, ШҚО, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстары);
Екінші. Damubala – 8 өңір (Жамбыл, БҚО, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, СҚО, Ұлытау облыстары, Алматы қ.);
Үшінші. Darabala.kz – 1 өңір (Ақтөбе облысы);
Төртінші. Lira – 1 өңір (Атырау облысы);
Бесінші. Qosymsha.kz – 1 өңір (Астана қ.);
Алтыншы. Mindal24.kz – 1 өңір (Шымкент қ.).
Ведомство өкілдері ата-аналар жиі шағымданатын сайт жұмысы жөнінде де түсіндіріп өтті.
«Сайттар бір мезетте мыңдаған пайдаланушы кірген кезде жүктеменің көп болуына байланысты, сондай-ақ жүйе жаңартылып, пилоттық өңірлер жаңа бірыңғай платформаға көшіп жатқандықтан уақытша баяулауы мүмкін. Сондықтан мұндай ақаулар сервистің артық жүктелуі мен бапталуына байланысты техникалық себептерге қатысты орын алуы мүмкін», — деді министрлік мамандары.
Qоsymsha.kz ақпараттық жүйесін енгізген Астана қаласының білім басқармасы «Ваучерге кезекке тұру» қызметі порталдың жоғарғы мәзірінде, орталық баннерінде және қызметтер тізімінде қолжетімді екенін атап өтті. Ол үшін, ата-аналар алдын-ала Play Market немесе App Store арқылы ED24.KZ мобильді қолданбасын орнату қажет.
Депутаттар не дейді?
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова тегін үйірмелерді осылай бірнеше министрліктің құзырытіне беруді тиімсіз деп санайды. Ол бұл жұмыспен оқу-ағарту министрлігіне қарасты республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы айналысуы тиіс деп есептейді.
“Қазір қосымша білім беру жаңа деңгейге шығуда. Оның мүмкіндігі мен жауапкершілігі де жоғары. Олар балаларға салауатты өмір салтын қалыптастыру, қолөнер және т.б. сияқты өзінің өміріне қажет дағдыларды үйретіп, қалыптастыруы тиіс. Алайда осындай жауапкершілігі мен жүгі мол жұмыс не себепті мәдениет және спорт министрлігіне жүктелуі тиіс деген ой туындайды. Олар балалармен жеке жұмыс істемеген, яғни оның әдістемесін біле бермейді. Мысалы бір бапкер самбо үйірмесін ашты дейік, ол онда балаларға нені және қалай үйретеді деп ойлайсыз? Сондықтан бұл мәселені тыңғылықты зерттеу керек деп ойлаймын. Меніңше бұл процеспен республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы айналысу керек және ол бір ғана платформада жүзеге асуы тиіс. Қазір бұл құзырет біресе мәдениет, біресе спорт, кейде оқу-ағарту министрлігіне қарайды. Яғни бәрі шашыраңқы. Мұндай үйірмелерге қанша бала барып жүр, ондағы бапкерлер қандай бағдарлама бойынша оларды оқытып жатыр? Оның бәрі белгісіз», — деді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Айта кетейік, еліміз бойынша тегін үйірмелер мен секциялар бағдарламасы балалардың шығармашылық, спорттық және әлеуметтік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ қосымша білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Тегін үйірмелер 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар үшін қолжетімді.


