Астаналық прокурор Айжан Аймағанова атынан тараған инвестициялық видео — дипфейк

Фото: Tengrinews.kz
Астаналық прокурор Айжан Аймағанова өз атынан «Kazatomprom» АҚ компаниясына инвестиция жасауға шақырған бейнежазбаның дипфейк екенін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Бүгінде жасанды интеллект тек мәтін жазып қана қоймай, бейнежазбаларды қолдан жасап, адамдардың түрін және дауысын көшіруге де қабілетті. Онда шын мәнінде болмаған адамды «көруге» болады. Сондықтан енді жай ғана қарау емес, ойлану маңызды — кім түсірді, не үшін және дерек көзі қайдан?», — деп жазды Айжан Аймағанова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін, дәл осыған ұқсас жалған инвестициялық жарнама роликтері Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Жәкішев, Дәулет Мұқаев секілді елге белгілі тұлғалардың бет-бейнесімен шыққан болатын. Барлығы да “Kazatomprom”АҚ компаниясына инвестиция салуға шақырады.
Еске сала кетейік, 29 қазанда Парламент Қазақстанда жасанды интеллектті пайдалану тәртібін реттейтін заңды қабылдады. Сондай-ақ, елде дипфейк үшін жауапкершілік енгізіледі.


