Астанадағы «Атырау» көпіріне қатысты тараған видеоға әкімдік жауап берді

Фото: freepik.com
Әлеуметтік желілерде жұрт Астанадағы «Атырау» көпірінің жай-күйіне қатысты алаңдап отыр. Осыған орай қала әкімдігі көпірге техникалық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады,деп хабарлайды nofake.kz/.
Талқылауға әлеуметтік желіде тараған, көпір конструкциясының бір бөлігі қисайып тұрғандай көрінетін кадрлар себеп болған. Осы жазбалардан кейін Астана әкімдігі нысанға техникалық тексеру басталғанын мәлімдеді. Қазір мамандар конструкцияның жалпы жағдайын және оның тірек элементтерін зерделеп жатыр.
«Тексеру қорытындысы нысанның техникалық жай-күйін және жөндеу жұмыстарының қажеттілігін анықтауға мүмкіндік береді», — деп хабарлады әкімдікте.
Тексеру нәтижесі бойынша ресми қорытынды жасалып, тиісті шешім қабылданады. Қазіргі таңда көпірді пайдалануға ешқандай шектеу енгізілген жоқ.
Айта кетейік, жаяу жүргіншілерге арналған «Атырау» көпірі — елордадағы танымал орындардың бірі. Ол Орталық саябақта орналасқан және қала тұрғындары мен қонақтары демалыс пен серуен үшін жиі пайдаланады.


