NoFake

Астанада екінші әуежай салына ма: әкім жауап берді 

69492e4a000f7944131456

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Астанада екінші әуежай салынатыны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда қолданыстағы әуежайды кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды nofake.kz/.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада екінші әуежай салынады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда мұндай жоспар жоқ, алайда алдағы уақытта қосымша әуежай салынуы мүмкін. 

«Сіз дұрыс айтып тұрсыз — бұл тек қауесет. Жалпы жоспарларда перспективалық жер телімдері қарастырылған. Қажет болған жағдайда қосымша әуежай салуға арналған бір емес, бірнеше учаске бар. Астана белгілі бір даму кезеңіне келгенде екінші, тіпті одан да көп әуежайлар салынуы мүмкін», — деді қала әкімі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі таңда қолданыстағы әуежайды дамыту мен кеңейту жұмысы қолға алынып жатыр. Әуежайдың жобалық қуатын шамамен екі есеге арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, ол болашақта жүк және жолаушылар ағынының өсуіне байланысты екінші әуежай салу мәселесі күн тәртібіне қайта шығуы мүмкін екенін атап өтті.

«Алайда перспективада, қолданыстағы әуежайдың теміржол желілерінен алшақ орналасуын ескере отырып, мұндай жоспарлар пайда болуы мүмкін. Өйткені жүк ағыны үлкен. Астана көлік-логистикалық және қоймаорталығы ретінде дамып келеді. Сондықтан егер жолаушылар ағыны бірнеше есе артатын болса, біз бұл қажеттілікке міндетті түрде келеміз», — деді әкім.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек қолданыстағы ұшу-қону жолағын жөндеуге және екіншісін салуға 150–190 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бағыттау жоспарланып отырғанын хабарлады. Нәтижесінде әуежайдың жылдық жобалық қуаты қазіргі 8,5–9 млн жолаушыдан 16–18 млн жолаушыға дейін ұлғаюы тиіс.

Оқу үшін