Ақтөбеде қарды тазаланған жолға қайта тастағаны рас па: ҚазАвтоЖол жауабы

Скриншот: Telegram/egovpress
«ҚазАвтоЖол» ҰК Ақтөбеде тазаланған жолға қайта қар тастау себебін түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желіде тазаланған жолға қайта қар шашып жатқан видео тарады. Онда жол тазалау көлігінің таза асфальтқа қар тастап жатқанын анық көруге болады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Бейнежазбада ағымдағы жылдың 16 қаңтарында республикалық маңызы бар KAZ09 «Ақтөбе – Қандыағаш – Доссор – Атырау – РФ шекарасы (Құрманғазы өткізу пункті)» автомобиль жолының 204–205 км учаскесінде жол жиегінде жиналған қар үйінділерін тазалау жұмыстары көрсетілген. Аталған жұмыстар «Урал» маркалы шнек-роторлы арнайы техника қолдану арқылы жүргізілді. Қарды лақтыру жұмыстары желдің бағыты мен күшін ескере отырып атқарылды. Желдің қатты екпініне байланысты қарды кері бағытта лақтыру мүмкін болмады, өйткені мұндай жағдайда қардың едәуір көлемі жолдың жүру бөлігіне түсіп, көруді нашарлатады», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК пилотсыз жүк көліктеріне арналған жолдарға қатысты жоспарларымен бөліскен еді.


