Ақтауда төңкеріліп ілінген баннерге қатысты әкімдік түсінік берді

Cкрин видео Lada.kz
Ақтауда жаңа Конституцияға арналған баннердің керісінше ілінгені әлеуметтік желіде талқыланды. Қала әкімдігі жағдайға қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Видео 12-шағын ауданда түсірілген. Кадрлардан №20 тұрғын үйдің қасбетіне брендмауэр орнату жұмыстары жүргізіліп жатқаны көрінеді. Алайда конструкцияның кері жағымен бекітілгені байқалған.
Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 2 наурызда шамамен сағат 15:00-де тіркелген.
«12-шағын аудандағы №20 үйдің қасбетіне брендмауэр орналастыру үшін өлшеу жұмыстары жүргізілген кезде конструкцияның кері жағымен бекітілгені анықталды. Аталған факт анықталғаннан кейін конструкция дереу демонтаждалды. Толық бекіту жұмыстары жүргізілген жоқ», – деп хабарлады Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік мәліметінше, 3 наурызда баннерді қайта орнату жұмыстары барлық талаптарды сақтай отырып жалғасады.
«Жұмыс барысында бұзушылыққа жол берген жұмысшыларға тиісті ескерту жасалды», – делінген хабарламада.
Қала әкімдігі жауапты қызметтерге тиісті тексеру жүргізіп, қажетті шара қабылдау тапсырылғанын мәлімдеді.


