NoFake

Ақпараттық манипуляция: адам санасын басқарудың заманауи тәсілдері

Қазір адам санасын билеудің, белгілі бір шешім қабылдауға әсер етудің сан түрлі әдісі бар. Әсіресе, әлеуметтік желі көптің ойын өзгерту, белгілі бір ақпаратқа сендіру, қоғамдық пікір қалыптастыру құралына айналды.

nofake.kz/ ақпараттық манипуляция деген не, кім қалай пайдаланып жүр және оның құрбаны болмаудың жолдарын зерттеді.

Ақпараттық манипуляцияны қалай ажыратамыз

Ақпараттық манипуляцияның мақсаты – қоғам пікіріне ықпал ету. Оны ұйымдастырушы әдейі немесе бейсаналы түрде фактілерді бұрмалап, деректерді құбылтады. Қасақана, қателесіп жалған ақпарат таратады. Контексті бұрмалайтындар да бар. Қарапайым оқырман ақпараттық манипуляцияны ажырата алмауы мүмкін. Бірақ мамандар мұндай материалдарды бірден таниды.

Қазақстандық медиа-тренер, сарапшы Мейрамхан Жәпек пікірі мынадай:

Ақпараттық манипуляция — шындықты бұрмалау арқылы адамдарды белгілі бір ойға, шешімге немесе әрекетке итермелейді. Көп жағдайда оқырманды тақырыппен адастыру жиі кездеседі, әсіресе, бұл БАҚ-та белсенді қолданылады. Мысалы: «Мектепте шу шықты!»  – шын мәнінде тек бір оқушы телефон әкеліп, мұғалім ескерту жасаған. «Астана өртке оранды!» – ал іс жүзінде бір ғана нысанда өрт болған. Мұндай тәсілдердің мақсаты – «сенсация» арқылы оқырман назарын тарту. Бірақ бұл – классикалық манипуляция түрі.

Сонымен қатар, маман Қазақстанда кездесетін ақпараттық манипуляцияның тағы төрт түрін атап өтті.

«Олар – контекстен бөліп алып жариялау, қорқыту, фактіні салыстыру арқылы оқырманды адастыру және кейінгі кезде жалған сарапшы пікірін жазып немесе фейк статистика жариялап манипуляция жасайтындар көбейген. Танымал саясаткердің мынадай сөзі беріледі: «Мен бұл жобаны қолдай алмаймын!».  Ал шын мәніндегі толық сөйлем: «Егер ол халыққа зиян келтірсе, мен бұл жобаны қолдай алмаймын». Мұндағы мақсат: контексті жойып, мағынаны өзгерту.  Бұл  фактіні контекстен бөліп алып жариялау. Оқырманға қорқыныш арқылы ықпал ету деген де ақпараттық манипуляцияның түрі бар. Мысалы, «Егер бұл заң қабылданбаса, ел күйрейді!» — мұндағы ақпараттық манипуляция мән-жайды объективті түсіндірудің орнына, эмоция арқылы сендіруді мақсат тұтады»,- дейді сарапшы.

Кейбір мақалада автор фактіні салыстыру арқылы оқырманды адастырады.

«Мәселен, сенімді түрде «Бұрын мұндай болмаған!» деген пікір айтылады, бірақ нақты дерек жоқ. Болса да, күмәнді. Осы арқылы адамның ойына әсер етеді. Сондай-ақ, кейінгі кезде жалған сарапшы пікірі немесе жалған статистика беру арқылы да ақпараттық манипуляция жасалып жүр. Мысалы, «Халықтың 70 пайызы бұл ұсынысты қолдайды» — мұнда нақты қай зерттеу екені көрсетілмеген.    «Халықтың 98 пайызы дауыс берген» — ақылға сыйымсыз статистика. Мұндағы мақсаты жалпы қоғамның пікірін манипуляциялау. Бұл пікір ақпараттық манипуляцияның күнделікті БАҚ тәжірибесінде қалай көрініс табатынын нақтылай түседі. Оқырманды жалған немесе әсіреленген тақырыптар арқылы адастыру – эмоциялық реакция тудырудың ең оңай жолы. Ал бұл оқырманның ақпаратты саналы бағалау қабілетіне әсер етеді», — деді Мейрамхан Жәпек.

Әлемдік тәжірибе

Ұлыбританиядағы Central Asia Due Diligence директоры Алишер Ильхамовпен байланысып, ақпараттық манипуляцияларды қалай тануға болатынын және оның құралына немесе құрбанына айналмау үшін не істеу қажет екенін сұрадық.

– Қазір бұл өте қиын. Себебі адамдардың негізгі ақпарат көзі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан әлеуметтік желілерге ауысып кетті. Әлеуметтік желілердің өз артықшылықтары бар, бірақ ең үлкен кемшілігі – жалған ақпарат пен фейктердің «жедел жаңалық» түрінде тез таралуы. Мұндай контент әп-сәтте мыңдаған адамның сеніміне ие болып үлгереді.

 Манипуляцияға кімдер көп түседі

– Мұндай құбылыстар ең алдымен ақпараттық және сыни ойлау деңгейі төмен аудиторияға көбірек ықпал етеді. Ал білім деңгейі жоғары адамдар мұндай манипуляцияларға төтеп бере алады. Өйткені олар ақпаратты негізінен сенімді, беделді дереккөздерден алады және кәсіби БАҚ-ты жиі оқиды.

– Ал фейк пен манипуляцияның таралуына әлеуметтік желілердің әсері қаншалықты?

– Өте жоғары. Мысалы, The New York Times, The Washington Post, The Guardian сияқты басылымдар кәсіби журналистиканың стандарттарын ұстанып, кез келген ақпаратты жарияламас бұрын тексереді. Ал әлеуметтік желілерде ондай талап жоқ. Сол себепті фейк ақпаратты тарату әлдеқайда оңай. Қазірдің өзінде статистика көрсетіп отыр: жалған жаңалықтардың көлемі бұрынғыдан ондаған есе артқан.

– Мұндай жағдай қоғамға қалай әсер етеді?

– Бұл құбылыс қоғамда белгілі бір көңіл-күй мен пікір қалыптастырады. Қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде миграция, Газа қақтығысы, Украинадағы соғыс сияқты өткір тақырыптар төңірегінде қызу пікірталастар жүріп жатыр. Әртүрлі лагерьлер пайда болып, олардың кейбірі фейк ақпаратпен «қоректеніп» отыр. Соның негізінде тұрақты нарративтер қалыптасады. Ал бұл нарративтер өз кезегінде қоғамдық пікірге, кейде тіпті мемлекеттердің ұстанымына да әсер етеді.

Айта кетейік, ақпараттық манипулияция үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы жалған ақпарат таратқандарға  жауапкершілік қарастырылған. Ақпараттық манипуляция әлемде де, Қазақстанда да жиі кездеседі. Оған қарсы тұрудың жалғыз жолы – ақпаратты тексеру, сауатты көзқарас қалыптастыру және эмоцияға берілмеу.

Оқу үшін