Ақмола облысының тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбаны болды

Фото: Gov.kz
Қысқа уақыт ішінде ол жалпы сомасы 6 миллион теңгені құрайтын үш несие рәсімдеп, барлық қаражатты қаскөйлерге аударған. Бұл туралы nofake.kz/ хабарлайды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2025 жылдың қазан айында әйел мобильді қосымшалардың бірінен экология және табиғи ресурстарды пайдалану үшін берілетін мемлекеттік төлемдер туралы жалған жарнаманы көрген. Сілтеме арқылы өтіп, телефон нөмірін қалдырғаннан кейін оған өзін инвестициялық компанияның қаржылық кеңесшісі ретінде таныстырған белгісіз әйел қоңырау шалған.
«Кейін жәбірленушімен “менеджерлер” деп таныстырылған адамдар байланысқа шығып, оны “инвестициялық қызметке” қатысуға табанды түрде үгіттеген. Олар тұрақты әрі жоғары табыс уәде еткен. Кеңесшілердің сөзіне сенген әйел олардың нұсқауларын орындауға келіскен», – деп хабарлады Ақмола облысы Полиция департаменті.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, 2025 жылғы 30 қазанда ол банктердің бірінен 2 000 000 теңге көлемінде бөліп төлеу рәсімдеген. 5 қарашада басқа банктен дәл осындай сомаға тағы бір бөліп төлеу алған, ал 6 қарашада 2 000 000 теңгеге тауарлық несие рәсімдеген.
«Осылайша бір аптаның ішінде арызданушы жалпы сомасы 6 000 000 теңге болатын несие рәсімдеп, алынған барлық қаражатты белгісіз есепшоттарға аударған. Тек биылғы жылдың 17 қаңтарында ғана өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға арызданды», – деп атап өтті ведомство.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.


